АМЕРИКАНДЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР БАСЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК БАҒЫТТАҒЫ ДИСКУРСТАР
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.1.80.011Кілт сөздер:
медиакеңістік, медиадискурс, медианарративтер, ндерлік тақырыптағы публицистикалық мәтіндер, медиалық ықпал, гендерлік теңдік, прагма-функционалдық талдау, публицистикалық мәтіндердің тілдік ерекшеліктеріАннотация
Қазіргі медиакеңістікте американдық публицистика гендерлік дискурстарды қалыптастырып, қоғамдық пікір мен құндылықтарға ықпал етеді. Ол бұқаралық санаға белсенді түрде әсер етіп, гендерлік рөлдер, құқықтар мен міндеттер туралы белгілі бір түсініктерді бекітеді, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қабылданатын немесе керісінше, қабылданбайтын мінез-құлық үлгілерін жеткізеді. Публицистика тілі тек ақпараттық емес, сонымен қатар экспрессивтік, прагматикалық және құндылықтық бағыттағы қызметтерді атқарып, бұқаралық санаға ықпал ететін қуатты құралға айналады. Публицистикалық мәтіндерде қолданылатын риторикалық ықпал ету тетіктеріне эмоциялық-бағалаушылық лексика, метафоралар және басқа да экспрессивтік тілдік құралдар жатады.
Зерттеудің мақсаты – американдық публицистикадағы гендерге бағытталған дискурстардың тілдік және прагма-функционалдық ерекшеліктерін талдау, атап айтқанда, тіл арқылы қоғамдық құндылықтар мен нормативтік көзқарастардың қалай қалыптасатынын көрсету.
Талдауға материал ретінде гендерлік мәселелер бойынша кең ауқымды ұстанымдарды көрсететін америкалық Time, Washington Post және Ms. Magazine басылымдарында жарияланған әйелдердің құқықтары, гендерлік зорлық-зомбылық, дискриминация және әйелдердің саясаттағы өкілдігі туралы публицистикалық мәтіндер алынды. Медианың күн тәртібін құрастырып, қоғамдық ұстанымдарды қалыптастыру жолдарын анықтау мақсатында мақалаларға прагма-функционалдық талдау жүргізілді.
Зерттеудің құндылығы медиадискурстың көпқабаттылығын көрсетуінде де жатыр: мәтіндер тек әлеуметтік шындықты бейнелеп қана қоймай, оны белсенді түрде құрастырып, аудиторияға белгілі бір интерпретациялар мен қабылдау шеңберлерін ұсынады. Репродуктивті құқықтар, гендерлік зорлық-зомбылық, дискриминация және әйелдердің саясаттағы өкілдігі туралы публицистикалық материалдар қоғамдық күн тәртібін қалыптастырып, әлеуметтік пікірталастардың бағытын айқындайды. Бұл зерттеу медиамәтіндердегі тілдің бұқаралық санаға ықпал етудің маңызды құралы екенін және сол арқылы идеологиялық ұстанымдар мен әлеуметтік бағдарлардың қалыптасып, орнығатынын дәлелдейді.
Зерттеу нәтижелері америкалық публицистиканың гендерлік дискурсты құрастыру үшін тілдік құралдарды белсенді қолданатынын көрсетті. Сонымен қатар, публицистикалық мәтіндер шындықты жай ғана бейнелеумен шектелмей, оның риторикалық-идеологиялық конструкторы ретінде қызмет ететінін айқындадық.
Зерттеу барысында гендерлік бағыттағы публицистикалық мәтіндердің тілдік және прагма-функционалдық ерекшеліктерін талдау арқылы тілдің қоғамдағы гендерлік құндылықтар мен әлеуметтік нормаларды қалыптастырудағы ғылыми маңыздылығы анықталды.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы медиадискурстарды талдау кезінде, сондай-ақ медиасауаттылық пен қазіргі қоғамдағы гендерлік мәселелерді сыни тұрғыдан бағалау мақсатында зерттеу нәтижелерін қолдану мүмкіндігінде болып табылады.





