ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ ВАРИАТИВТІЛІК ҚОЛДАНЫСЫНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ МАҢЫЗЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.002Кілт сөздер:
терминологиялық вариативтілік, тіл білімі, ғылыми дискурс, тілдік норма, термин, терминжасам, ғылыми коммуникация, пәнаралық ықпалдастық, семантикалық талдауАннотация
Қазіргі тіл білімінде терминологиялық жүйенің тұрақтылығы мен бірізділігі ғылыми коммуникация сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Соған қарамастан, бір ұғымның бірнеше атаумен берілуі – терминологиялық вариативтілік – ғылыми дискурста кең таралған құбылыс ретінде көрінеді. Вариативтілік ғылыми терминологияның тарихи дамуына, әртүрлі ғылыми мектептердің өзара әрекеттесуіне, тіларалық байланыстарға, сондай-ақ кірме терминдер қабылдау және оларды бейімдеу процестеріне байланысты құбылыс. Терминологиялық вариативтілікті зерттеу – ғылыми терминологияның даму ерекшеліктерін қарастыруға, әртүрлі терминологиялық нұсқалардың пайда болу себептерін анықтауға және олардың ғылыми білім жүйесіндегі рөлін айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты – қазақ тіл біліміндегі терминологиялық вариативтіліктің табиғатын, қалыптасу себептерін және ғылыми қолданыстағы маңызын айқындау. Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды: терминологиялық вариативтілікті зерттеудің теориялық негіздемелерін анықтау; терминологиялық вариативтілік үдерісінің лингвистика саласындағы рөлін айқындау; әртүрлі ғылыми дискурста кездесетін терминологиялық вариативтілікке толық талдау жасау; ғылыми басылымдарда терминологиялық вариативтіліктің ұтымды қолданысы бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Зерттеудің негізгі бағыттары терминологиялық нұсқалардың пайда болу факторларын (әлеуметтік, мәдени, когнитивтік, пәнаралық ықпал), олардың ғылыми мәтіндегі қызметін және тілдік нормаға әсерін талдауға негізделді.
Зерттеу әдістемесін таңдау жұмыстың мақсатына тікелей байланысты. Терминологиялық вариативтілік терминдердің семантикалық, құрылымдық және функционалдық сипаттамаларымен байланысты күрделі лингвистикалық құбылыс болғандықтан, оны зерттеу кешенді тәсілдерді қолдануды және лингвистикалық талдаудың әртүрлі әдістерін қолдануды талап етеді. Әдіснамалық тұрғыдан сипаттамалық талдау, салыстырмалы әдіс, контекстік талдау, функционалды-стилистикалық тәсілдер және ғылыми мәтіндерге кешенді лингвистикалық сараптама қолданылды. Сонымен қатар қазақ тіліндегі және әлемдік ғылыми мақалалардағы термин нұсқалары салыстырылып, олардың семантикалық, құрылымдық және қолданыстық ерекшеліктері анықталды.
Зерттеу нәтижесінде терминологиялық вариативтіліктің ғылыми ойдың дамуы мен пәнаралық ықпалдастықтың табиғи салдары екендігі дәлелденді. Вариативтілік бір жағынан ұғымды нақтылауға, ғылыми пікірталасты дамытуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан терминологиялық жүйенің тұрақсыздығына және түсінбеушілікке әкелуі мүмкін екені айқындалды. Қорытындылай келе, терминологиялық вариативтілікті реттеу мен жүйелеудің ғылыми негізделген қағидаттарын қалыптастырудың маңызы көрсетілді.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы терминологиялық вариативтіліктің табиғаты туралы теориялық идеяларды кеңейту, оның ғылыми терминология жүйесіндегі рөлін анықтау және лингвистикалық ғылыми дискурстың қалыптасуы мен жұмсалым процестерін ғылыми түсінуді тереңдету болып табылады. Зерттеудің ғылыми құндылығы – қазақ терминологиясындағы вариативтілік мәселесін кешенді талдауында, ал практикалық маңызы – ғылыми мәтіндерді стандарттау, терминдерді біріздендіру және оқу үдерісінде тиімді қолдану бойынша ұсыныстар беруінде.





