ҚАЗІРГІ МЕДИАКЕҢІСТІКТЕГІ ГОНЗО-РЕПОРТАЖ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.006Кілт сөздер:
Гонзо-журналистика, медиамәтін, авторлық субъективтілік, заманауи журналистика, медиамәдениет, лингвистикалық талдау, медиа аудармасы, қазақстандық медиа кеңістікАннотация
Қазіргі медиакеңістікте журналистиканың дәстүрлі баяндау үлгілері трансформацияға ұшырап, авторлық субъективтілікке негізделген жаңа жанрлар қалыптасуда. Осындай бағыттардың бірі – гонзо-журналистика, ол ақпаратты бейтарап жеткізуден гөрі автордың жеке тәжірибесі мен эмоциялық қабылдауына сүйенетін баяндау моделі ретінде ерекшеленеді. Бұл жанрда журналист оқиғаға сырттай бақылаушы емес, тікелей қатысушы әрі интерпретатор ретінде көрінеді. Осыған байланысты гонзо-журналистиканы теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттеу өзекті болып табылады.
Зерттеудің мақсаты – гонзо-журналистиканы қазіргі медиакеңістіктегі дербес жанр ретінде сипаттап, оның қалыптасу алғышарттарын, тілдік-стильдік ерекшеліктерін және қазақстандық медиамәдениеттегі көрінісін айқындау. Зерттеу барысында лингвостилистикалық және салыстырмалы-сипаттамалы әдістер қолданылып, Х. С. Томпсон шығармалары негізінде репрезентативті мәтіндер корпусына талдау жасалды. Сонымен қатар гонзо-журналистика дәстүрлі репортаж үлгілерімен салыстырылып, оның дискурстық және прагматикалық ерекшеліктері анықталды.
Зерттеу барысында гонзо-журналистиканың жанрлық табиғаты, тілдік-стильдік ерекшеліктері және қазіргі медиакеңістіктегі қызметі талданды. Негізгі міндеттер ретінде гонзо-журналистиканың қалыптасу алғышарттарын айқындау, оның дәстүрлі репортаждан айырмашылығын анықтау, гонзо мәтіндеріне тән тілдік және дискурстық белгілерді жүйелеу, сондай-ақ қазақстандық медиадағы гонзо элементтерінің көрінісін сипаттау қарастырылды.
Зерттеу нәтижесінде гонзо мәтіндерге тән негізгі белгілер ретінде бірінші жақтағы баяндау, авторлық субъективтіліктің басымдығы, экспрессивті лексика, гипербола мен иронияның белсенді қолданылуы, сондай-ақ синтаксистік еркіндік пен ауызекі сөйлеу элементтері айқындалды. Талдау көрсеткендей, гонзо-журналистика ақпаратты жеткізудің ғана емес, авторлық тәжірибені интерпретациялаудың ерекше дискурстық формасы болып табылады. Сонымен бірге қазақстандық медиакеңістікте гонзо элементтерінің фрагментарлы түрде көрініс табатыны анықталды, бұл оның әлі толық қалыптаспағанын көрсетеді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы гонзо-журналистиканың жанрлық табиғатын лингвостилистикалық тұрғыдан жүйелеуінде және оны қазіргі медиадискурстың трансформациялық құбылысы ретінде негіздеуінде көрінеді. Зерттеудің теориялық маңызы – журналистикадағы субъективті баяндау моделін түсіндіруде, ал практикалық маңызы – алынған нәтижелерді медиамәтіндерді талдау, аударматану және медиабілім беру үдерісінде қолдану мүмкіндігінде.





