ҚАЗАҚ ОРФОГРАФИЯСЫНДА ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Автор(лар)

##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:

https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.3.82.022

Кілт сөздер:

қазақ орфографиясы, емле қағидасы, фонологиялық принцип, морфонология, кірме сөздер, дыбыс тіркесімі, күрделі сөздер, орфографиялық жүйе

Аннотация

Бұл зерттеу қазақ орфографиясындағы орфографиялық нормаларды қалыптастырудың фонологиялық негізделген жүйелік моделін ұсынады. Қазіргі жазу тәжірибесінде фонологиялық құрылым, морфологиялық тұтастық және тарихи қалыптасқан дәстүрлі қағидалар арасындағы сәйкестік үнемі сақтала бермейтіні көрсетіліп, осыған байланысты орфографиялық реттеуді принциптік тұрғыдан қайта қарастыру қажеттігі негізделеді.

Зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі орфографиялық ережелерді қалыптастырудың негізгі қағидаларын анықтау және оларды тілдің фонологиялық және морфонологиялық табиғаты негізінде жүйелеу.

Талдау әліпби құрамының фонемалық жүйемен сәйкестігіне, -i (-и) және -u (-у) таңбаларының фонологиялық статусына, буын құрылымы мен дауыссыз дыбыстар тіркесінің шектеулеріне, кірме сөздерді игеру механизмдеріне, сондай-ақ күрделі лексикалық бірліктердің бірге және бөлек жазылуын айқындайтын құрылымдық өлшемдерге бағытталған. Қазақ тілінің жалғамалы табиғаты мен үндестік заңы орфографиялық тұрақтылықты модельдеудің негізгі параметрлері ретінде қарастырылады. Сонымен қатар кірме лексиканы бейімдеу үдерісін жүйелі түрде айқындайтын фонетикалық құбылыстар – эпентеза, эпитеза және апокопа – мен фонетикалық шектеулердің орфографиялық реттеудегі рөліне ерекше назар аударылады.

Зерттеу әдіснамасы салыстырмалы-талдамалы, сипаттамалық және жүйелік модельдеу тәсілдеріне негізделген. Нормативтік құжаттар, орфографиялық сөздіктер және фонетикаға қатысты ғылыми еңбектер талданып, кодификацияланған емле нормаларының тілдің ішкі фонологиялық ұйымдасуымен сәйкестік деңгейі бағаланды.

Зерттеу нәтижелері қазақ орфографиясын фонологиялық және морфонологиялық қағидаларға негізделген ішкі жүйелі модель ретінде қайта пайымдау қажеттігін дәлелдейді. Орфографиялық реформаның теориялық негізі ретінде «тілді емлеге икемдеу» емес, «емлені тілге икемдеу» қағидасын басымдыққа алу ұсынылады. Алынған қорытындылар орфографиялық сөздіктерді жаңарту, әліпби нұсқаларын ғылыми саралау және нормативтік стандарттарды жетілдіру үдерісінде қолданылуы мүмкін.

Жүктеулер

Жарияланған

2026-09-30

Жоба

Раздел

Мақалалар/Статьи/Articles