ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.2.77.033Кілт сөздер:
экологиялық проза, қасірет, зауал, ұлт болашағы, полигон, атом қаруы, табиғат, гармонияАннотация
Қазақ әдебиетіндегі Семей қасіреті тақырыбындағы көркем шығармалар – дәуір шындығын, тұтас ұлтқа жасалған зұлымдықты көркем бейнелейтін туындылар. Бұл шығармаларды қатігез қоғамнан қалған жан, тән жарасын көркемдік иін қандыра шеберлікпен суреттей алған туындылар деуге толық негіз бар. Зерттеудің тақырыбы – прозадағы экология мәселесі, мақсаты – ұлт өмірінде әбден толғағы жеткен, экологиялық зәру мәселені танып, суреттеген жазушы шығармаларының құндылығын, көркемдік ерекшелігін, дәуір шындығының көркем әдебиетте бейнелену үлгісін талдап, тану. Өзектілігі – қазақ халқына сан жылдарға кететін қасірет пен зауал әкелген қолдан жасалған қастандық жайында жазылған шығармалардағы тарихи шындық пен көркем шындықтың сабақтастығын көрсету. Зерттеуде салыстыру, талдау, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.
Қазіргі әдеби туындылар табиғаттың әртүрлі аспектілерін, экологиялық проблемаларды және адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын көрсете отырып, экологиялық дағдарыстың сын-қатерлеріне белсенді түрде жауап береді. Бұл тақырып заманауи экологиялық мәселелер тұрғысынан көркем шығармаларда қандай эстетикалық және этикалық мәселелер көтерілетінін талдауға мүмкіндік береді. Зерттеудің нәтижесі авторлардың экологиялық идеяларды жеткізуде қолданатын әдеби стратегиялары мен құралдарын анықтауға, сондай-ақ қоғамда экологиялық сананың қалыптасуына әдебиеттің әсерін қадағалайды. Зерттеу барысында авторлар Семей полигоны, оның жергілікті халыққа тигізген зардабы жөнінде жазылған туындыларды зерделей отырып, тақырыпты көркем игерудегі жазушылардың қол жеткізген шеберлік қырларын көрсете білген.
Қазіргі әдебиет қаламгерлердің әлем алдында тұрған экологиялық мәселелерді көрсететін эстетикалық аренаға айналуда. Алдағы экологиялық дағдарыс, климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілікке қауіп төнуі әдеби дискурстың ажырамас бөлігіне айналуда. Зерттеу нысаны ретінде Р.Нұрғалидың «Өлген тау», Б.Тілегеновтің «Қара жел», С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» шығармалары алынды. Зерттеу қазіргі жазушылардың экологиялық тақырыптарды қалай, қандай контексте және қандай әсермен қамтитынын жан-жақты талдауға бағытталуымен құнды. Практикалық құндылығы зерттеу нәтижесін әдебиет, тарих, әлеумет, экология саласындағы зерттеу еңбектерде кеңінен пайдалануға болады. Зерттеудің маңыздылығы – алдағы уақытта постколониализм, әлеуметтану, экопроза бағытындағы зерттеулерге белгілі бір үлес қосады.