Р. СЕЙСЕНБАЕВТЫҢ "ШАЙТАННЫҢ ТАҒЫ" РОМАНЫНЫҢ КЕҢІСТІК-УАҚЫТ КАТЕГОРИЯСЫ РЕТІНДЕ ҮЙ АРХЕТИПІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.3.78.041Кілт сөздер:
қазақ әдебиеті, архетип, уақыт пен кеңістік, мифологиялық ойлау, мифопоэтика, концепт, әлем моделі, символ, үй, үйсіздікАннотация
Бұл мақалада Р. Сейсенбаевтың шығармаларындағы Үй архетипі қарастырылады. Зерттеу «Шайтанның тағы» романы негізінде жүргізілген. Архетиптерді анықтау көркем мәтіндегі мағыналық акценттерді жаңаша пайымдауға жол ашып, туындының мазмұнын тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. Үй – адамзаттың негізгі қажеттіліктерінің әрі жағымды құндылықтарының бірі, ал үйсіздік – керісінше, жағымсыз құбылыс ретінде бейнеленеді. Үй архетипінің қоғамның рухани өмірінің түрлі қырларынан көрініс табуы оны жалпыадамзаттық мәні бар концептке айналдырады. Бұл архетип кеңістіктік ұғыммен қатар, кейіпкерлердің тағдырымен де тығыз байланысты бола отырып, жеке тұлғаның өзін-өзі тануында маңызды рөл атқарады.
Зерттеудің теориялық негізін мифокритика мен көркем мәтін мифопоэтикасы саласындағы негізгі ғылыми ұстанымдар құрайды. Жұмыста герменевтикалық және семантикалық талдау әдістері, сондай-ақ мәтіндік контент-талдау қолданылды. Р. Сейсенбаев прозасындағы Үй архетипін зерттеуге арналған арнайы әдістеме ұсынылады. Ғылыми жаңалығы – «Шайтанның тағы» романындағы Үй бейнесінің әмбебап символ ретіндегі мәнін ашуда: ол тірек, қорған, туған жермен, отбасымен байланыстың белгісі ретінде көрінеді. Үй жылылықты, дәстүрді және отбасы құндылықтарын білдіреді. Сонымен қатар, мақалада үйсіздік мотиві де қарастырылып, ол адамның өзіне деген сенімін жоғалтуы мен рухани дағдарыстың белгісі ретінде талданады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы – Үй архетипін әдебиет теориясы бойынша практикалық сабақтарда және көркем мәтінді филологиялық тұрғыда талдауға арналған арнайы курстарда пайдалану мүмкіндігінде. Зерттеу нәтижесінде «Шайтанның тағы» романындағы Үй архетипі кейіпкерлердің жан дүниесінің, жадысы мен өзара қарым-қатынастарының метафорасына айналатыны анықталды. Бұл мәселені талдау Р. Сейсенбаев шығармашылығын тереңірек түсінуге және әдебиеттанудағы архетиптік тәсілдің маңызын айқындауға ықпал етеді.