ҚАЗІРГІ ҚЫТАЙ ТІЛІНДЕГІ АҒЫЛШЫН КІРМЕ СӨЗДЕРДІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ФОНЕТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.4.79.022Кілт сөздер:
кірме сөздер, қытай тілі, ағылшын тілі, ағылшын кірме сөздер, сөзжасам, неологизмдер, сөздік қорАннотация
Мақалада қазіргі қытай тіліндегі ағылшын кірме сөздердің лексика-семантикалық және фонетикалық ерекшеліктерін, олардың қытай жазу жүйесі мен дүниетанымына бейімделуін қарастырылды. Қытай тіліндегі кірме сөздерге қатысты зерттеудің өзектілігі мен ғылыми жаңашылдығы ағылшын тілінің жаһандық лингва франка ретіндегі өсіп келе жатқан ықпалында жатыр. Мәдени, технологиялық және экономикалық өзара әрекеттестіктің күшеюіне байланысты қытай тіліне ағылшын кірме сөздерінің саны артып, бұл елеулі лингвистикалық және әлеуметтiк-лингвистикалық өзгерістерді көрсетеді. Қытай тілі мен ағылшын тілі бір-бірінен едәуір ерекшеленеді: қытай тілі әріптердің орнына иероглифтерді қолданады, бұл сөзжасам үдерістерінде айтарлықтай айырмашылықтарға әкеледі. Сондықтан жаңа ұғымдарды қытай тіліне аударғанда, қытай тілін тұтынушылардың дүниетанымын ескере отырып, семантикалық және фонетикалық өзгерістерді мұқият зерттеу қажет. Осы зерттеу барысында сапалық және сандық лингвистикалық әдістердің үйлесімі қолданылды; корпустық талдау: зерттеудің негізгі материалы ретінде Қытай тілі емтиханына (HSK) арналған оқу құралдарындағы заманауи және өзекті сөздік тізімдер пайдаланылды; лексикалық талдау: кірме сөздердің мағынасын, қолданысын және қытай тіліндегі интеграциясын зерттеу үшін; фонологиялық талдау: ағылшын тіліндегі дыбыстардың қытай тіліне қалай бейімделгенін фонетикалық салыстыру арқылы зерттеу. «Нәтижелер мен талқылау» бөлімінде зерттеу нәтижелері келтірілген: соңғы жылдары кірме сөздерді аудару әдістерінде айқын өзгерістер байқалады. Нақтырақ айтқанда, сөздерді аударуда фонетикалық және аралас түрлерге басымдық беріліп, бұрынғы лексикалық аудармалар шеттетілуде. Бұл тек тілдік тәжірибелердің өзгеруін ғана емес, сонымен қатар жаһандану мен тілдік бірегейлікке қатысты мәдени ұстанымдардың да өзгергенін көрсетеді. Бұл зерттеу тілдік байланыс құбылыстарын және оның лексикографияға әсерін түсінуге үлес қосады. Зерттеудің теориялық маңыздылығы-қытай тілінің лексика-семантикасы мен фонологиясын дамытуында. Зерттеу семантикалық өзгерістер, сөздік интеграция және фонологиялық кірме сөздер теорияларына үлес қосады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы-аударма және локализация тәжірибесін жетілдірумен қатар, тіл оқыту саласына қолдау көрсетуінде. Қытай тілін шет тілі ретінде оқытатын мұғалімдер енді оқушыларға кірме сөздерді түсіндіру мен оларды контексте түсіну жағынан анағұрлым тиімді көмек көрсете алады.





