ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ПОЛЯК ҰЛТТАРЫНЫҢ ТІЛДІК САНАСЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР: ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРҒА БЕРІЛГЕН РЕАКЦИЯЛАР НӘТИЖЕЛЕРІ НЕГІЗІНДЕГІ ІЗДЕНІС
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.3.82.018Кілт сөздер:
психолингвистика, тілдік сана, ұлттық сана, туыстық атаулар, гендерлік лингвистика, қазақ ұлты, поляк ұлты, салғастырмалы талдауАннотация
Мақала тілдік сана ұғымын ұлттық санамен өзара тығыз байланыста қарастырып, қазақ және поляк ұлттары өкілдерінің туыстық және гендерлік концепттерді қабылдау ерекшеліктерін айқындауға арналған. Зерттеудің негізгі мақсаты – әртүрлі лингвомәдени қауымдастықтарға тән дүниетанымдық ерекшеліктердің тілдік санада қалай көрініс табатынын еркін ассоциативті эксперимент әдісі арқылы анықтау және салғастырмалы тұрғыда талдау. Зерттеу барысында тілдік сана теориясына қатысты ғылыми еңбектерге сүйенген теориялық талдау, еркін ассоциативті эксперимент, сондай-ақ алынған нәтижелерді интерпретациялау мен салғастырмалы-талдамалық әдістер қолданылды. Экспериментке қазақ және поляк ұлтының өкілдері қатыстырылып, «ата», «әже», «ана», «әке», «аға», «әпке», «әйел», «еркек» сияқты базалық түрткісөздерге (ассоциативті эксперименттегі стимул-сөздерге) берілген ассоциативті реакциялар салыстырылды. Зерттеу нәтижелері қазақ тілдік санасында туыстық атаулардың көбіне отбасы, тәрбиелік құндылықтар, дәстүр мен ұрпақ жалғастығы ұғымдарымен байланысатынын, ал поляк тілдік санасында жеке тұлға, дербестік, өзіндік әрекет және индивидуалдық қасиеттерге қатысты ассоциациялардың басым екенін көрсетті. Гендерлік концепттерді талдау қазақ тілінде әйел бейнесінің аналық мейіріммен, отбасының ұйытқысы ретіндегі рөлімен, ал еркек бейнесінің күш, қорғаушы және жауапкершілік ұғымдарымен сабақтасатынын анықтады, ал поляк тілдік санасында әйел бейнесі тәуелсіздік, сұлулық және өзін-өзі дамытатын жеке тұлға ретінде концептуалданатыны байқалды. Зерттеу нәтижелері тіл мен мәдениет, тілдік сана мен ұлттық құндылықтар арасындағы өзара байланысты нақты тілдік деректер негізінде дәлелдеп, мәдениетаралық коммуникация үдерістерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Мақаланың ғылыми маңыздылығы тілдік сана мен концептология мәселелерін салғастырмалы аспектіде дамытуымен айқындалса, практикалық маңыздылығы алынған тұжырымдарды лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, шет тілін оқыту және мәдениетаралық қарым-қатынас салаларында қолдану мүмкіндігімен сипатталады.





