ҰЛТТЫҚ АССОЦИАТИВТІК СӨЗДІКТІ ҚҰРАСТЫРУДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ: САНДЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.1.80.015Кілт сөздер:
ассоциативтік сөздік, лексикография, этнолексема, лингвистикалық қағидалар, психолингвистика, ассоциация, стимул, реакция, тілдік санаАннотация
Ғылым мен технологияның айтарлықтай жетістіктерінің сандық форматқа ауысып, соның әсерінен ендігі кезекте ғылыми өнімдердің қолжетімділігі артып, көптеген теориялық және практикалық мәселелерді шеше алатын әлеуеті артуда. Лексикографиялық еңбектердің онлайн тілдік база, корпустардың, басқа да компьютерлік бағдарламалардың лингвистикалық негізін құрап отырғандығы белгілі жайт. Соның бір мысалы – тұтас этникалық топтың тілдік санасына сипаттама беретін ассоциативтік сөздіктердің жасанды интеллект, тілді үйрету машиналарының белгілі бір тіл иелері сияқты ойлау жүйесін, тілдің логикалық үдерістері мен грамматикалық құрылымын қалыптастырудағы рөлін атап өткен жөн. Қазақ этносына тән құндылықтар, мәдени өзгешеліктерден мол ақпарат беретін ұлттық ассоциативтік сөздіктердің құрылымын, оларды құрастырудың тәжірибесін, алгоритмін (жасалу жолы), лингвистикалық қағидаларын жүйелеп, өз тарапымыздан толықтыру, қағидалардың маңызын нақты тілдік материалдар негізінде анықтап, түсіндіру мақаланың мақсаты болмақ.
Мақаланың алға қойған негізгі ғылыми бағыты мен идеясы – қазақ тіліндегі ассоциативтік сөздіктердің сан және сапа жағынан дамуы қажеттігін ескере отырып, заманауи талаптарға сай жаңа аспектілік түрін әзірлеу; ұлттық тілдік сананы, «ассоциативтік» жадты бейнелейтін тілдік деректерді жинақтау және талдау.
Ұлттық ассоциативтік сөздікті құрастыруда еркін ассоциативтік эксперимент әдісі қолданылды. Стимулдарға берілген реакциялар сапалық және сандық талдау арқылы зерттелді; реакциялардың биоәлеуметтік көрсеткіштері (жас, жыныс, аймақ, мамандық) тұрғысынан лингвистикалық және аксиологиялық ерекшеліктері анықталды.
Ұсынылған қағидалар негізінде сөздік материалы құрылып, қазақ халқының ұлттық мінезін, санасының ерекшелігін, аңғал тілдік дүниетаным белгілерін бейнелейтін деректер жүйеленді.
Жалпы жаңа практикалық лексикографиялық өнімдерге теориялық лингвистикалық қағидаларды құру – сөздік құрастыру саласындағы зерттеулердің негізгі міндеті. Осылайша, ХХІ ғасырдағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларының дамуы, жаһанданумен бірге маңызы артатын ұлттық ассоциативтік сөздіктердің қағидаларын әзірлеу қазақ тілін синхрониялық тұрғыдан саралауға ықпал етіп қана қоймай, ұлттың рухани және материалды мәдениеті пен салт-дәстүрін, этномәдени лексемалардың семантикасының ғасырлар бойы толық сақталуына мүмкіндік береді. Мақалада лексикография саласындағы интегративті теориялық және практикалық мәселелердің шешу жолдары ұсынылады, бұл қазақ тіл білімінің дамуына және жаңа буын сөздік өнімдерін жасауға үлес қосады.





