ТҮРКІТІЛДЕС СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖАЗБА ДИСКУРСЫНДАҒЫ КОГЕЗИЯ МЕН КОГЕРЕНТТІЛІККЕ ГРАММАТИКАЛЫҚ ИНТЕРФЕРЕНЦИЯНЫҢ ЫҚПАЛЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.040Кілт сөздер:
грамматикалық интерференция, когезия, когеренттілік, транслингвалды әдіс, жазба дискурс, мазмұндама, оқыту әдістемесі, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуАннотация
Мақалада қазақ тілін шет тілі ретінде үйреніп жүрген түрікмен студенттердің жазба дискурсындағы грамматикалық интерференция мәселесі және аталған интерференциялық ауытқулардың туындауына негіз болатын себептер қарастырылады. Түркітілдес аудиторияға арналған оқыту әдістемесінің жеткіліксіздігі мақала тақырыбының өзектілігін айқындайды. Зерттеу жұмысы интерференцияның инофондардың жазба мәтіндеріндегі когезия мен когеренттілік көрсеткіштеріне тигізетін ықпалын анықтауға бағытталған.
Зерттеудің мақсаты – түрікмен студенттердің қазақ тіліндегі жазба жұмыстарында кездесетін грамматикалық интерференцияның мәтіннің құрылымдық және мағыналық тұтастығына әсерін айқындау және оны азайтудың тиімді әдістемелік жолдарын ұсыну. Мақаланың басты идеясы білім алушылардың ана тілі (L1) ресурстарын екінші тілді (L2) меңгеруге кедергі ретінде емес, керісінше, саналы әрі мақсатты түрде пайдаланылатын тірек ретінде қарастыруға негізделеді.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі интерлингвистикалық, дискурстық және лингводидактикалық тәсілдердің үйлесімінен тұрады. Зерттеу барысында салғастырмалы-салыстырмалы әдіс, қателерді талдау, сапалық стилистикалық талдау және педагогикалық эксперимент қолданылды. Зерттеу материалы ретінде қазақ тілін А2 деңгейінде үйреніп жүрген түрікмен студенттердің мазмұндама жанрындағы жазбаша жұмыстары пайдаланылды.
Зерттеу нәтижелері түрікмен студенттердің жазба дискурсында морфологиялық интерференцияның тұрақты әрі жүйелі сипатта көрінетінін көрсетті. Қосымшалардың алломорфтарын дұрыс қолданбау, ана тіліндегі грамматикалық үлгілерді қазақ тіліне механикалық көшіру және мәтін түзу дағдыларының жеткіліксіз қалыптасуы когезия мен когеренттілікті әлсірететін негізгі факторлар ретінде айқындалды.
Зерттеу жұмысының құндылығы грамматикалық интерференцияның жазба мәтіннің микродеңгейлік (когезия) және макродеңгейлік (когеренттілік) құрылымына бір мезгілде әсер ететінін дәлелдеуімен ерекшеленеді. Бұл түркітілдес студенттердің академиялық жазылым дағдыларын дамытуға бағытталған теориялық тұжырымдарды тереңдетеді.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы грамматикалық интерференцияны «жалаң» қателер жиынтығы ретінде емес, когнитивтік және дискурстық деңгейлерде көрінетін күрделі құбылыс ретінде сипаттауымен айқындалады. Алынған нәтижелер қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту теориясын түркітілдес аудитория контексінде толықтырып, когезия мен когеренттілік ұғымдарының оқыту процесіндегі рөлін нақтылайды.
Зерттеу нәтижелері, практикалық тұрғыдан қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге және арнайы оқу материалдарын әзірлеуге негіз болады. Берілген тәсілдер студенттердің жазба жұмыстарындағы грамматикалық дәлдікті, логикалық жүйелілікті және стильдік бірізділікті арттыруға, интерференциялық қателерді жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді.





