ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ЭТНОМӘДЕНИ КЕҢІСТІК: МИФОТОПОНИМДЕРДІ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.025Кілт сөздер:
когнитивтік лингвистика, ұлттық таным, топонимиялық кеңістік, мифотопонимика, ұлттық ерекшелік, мәдени код, салыстырмалы талдау, тілдік таңбаАннотация
Мақалада қазақ және ағылшын тілдеріндегі мифотопонимдердің лингвомәдени және когнитивтік ерекшеліктері салыстырмалы-лингвистикалық тұрғыда талданады. Зерттеу нысаны ретінде екі халықтың ұлттық мәдениеті мен танымдық санасында маңызды орын алатын жер-су атаулары алынған. Қазақ және ағылшын топонимдері – белгілі бір тарихи, әлеуметтік, табиғи-географиялық факторлармен тығыз байланысты, сол себепті олардың семантикалық ерекшеліктері әртүрлі мәдени кодтармен айқындалады. Ғылыми зерттеудің мақсаты – қазақ және ағылшын тілдеріндегі мифотопонимдерді салыстырмалы талдау арқылы олардың этномәдени танымдық жүйесіндегі ерекшеліктерін айқындау. Зерттеу мифотопонимдердің тілдік дерек ретіндегі маңызын, сондай-ақ олардың мифологиялық сана мен этномәдени дүниетаныммен байланысын айқындауға бағытталған. Зерттеу идеясы – мифотопонимдердің белгілі бір этностың тарихи жадын, рухани құндылықтарын және мәдени кодын сақтаушы әрі жеткізуші тілдік феномен екендігін дәлелдеу.
Зерттеудің өзектілігі цифрлық дәуірде мәдениетаралық байланыстардың белсенді дамуына және соған сәйкес өзге халықтардың мәдениетіне, тарихына, дүниетанымына деген қызығушылықтың артуына байланысты айқындалады. Осындай рухани-мәдени құндылықтардың маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын мифотопонимдерде халықтың тарихи тұрғыдан қалыптасқан рухани мұрасы, көне наным-сенімдері, аңыздары мен мифологиялық түсініктері көрініс табады.
Зерттеу барысында мифотопонимдік деректер жүйеленіп, салыстырмалы, сипаттамалы, семантикалық, когнитивтік және лингвомәдени талдау әдістері қолданылады. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі мифотопонимдерді салыстырмалы талдау қазақ және ағылшын халықтарының тарихи жадындағы, рухани құндылықтарындағы, мәдени кодтарындағы, сондай-ақ этномәдени және тарихи-мәдени ерекшеліктеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды тереңірек айқындауға мүмкіндік берді.
Зерттеудің жаңалығы – қазақ және ағылшын тілдеріндегі этномәдени кеңістік ұғымын мифотопонимдер негізінде салыстырмалы талдау. Жұмыс қазақ және ағылшын тілдеріндегі мифотопонимдердің семантикалық, мәдени-когнитивтік ерекшеліктерін салыстыра отырып, олардың этномәдени кеңістікті бейнелеу тәсілдерін анықтайды. Зерттеу нәтижесінде қазақ және ағылшын мифотопонимдерін когнитивтік тұрғыдан салыстырмалы талдау арқылы екі халықтың ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктері айқындалып, жаңа ғылыми пайымдар ұсынылады.
Зерттеудің ғылыми маңызы – ағылшын және қазақ тілдеріндегі мифотопонимдерді салыстырмалы талдау олардың танымдық-семантикалық құрылымын айқындауға және лингвистикалық білімді кеңейтуге үлес қосады. Зерттеудің практикалық құндылығы – зерттеу нәтижелерін салыстырмалы тіл білімі, мәдениеттану, ономастика мен лингвокогнитивтік зерттеулерде қолдануға болады.





