ОРТАҒАСЫРЛЫҚ «ТӨРЕ БІТІГІ» ЗАҢНАМАЛАР ЖИНАҒЫ -ТҮРКІЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰҚЫҒЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.007Кілт сөздер:
Төре бітігі, қазіргі лингвистика, Жеті жарғы, ортағасырлық құқықтық, фразеологизм, армян-қыпшақ тілі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, қыпшақ тілі, құқықтық дискурс, заң ұғымдарыАннотация
Қазіргі тіл білімінде заң мәтіндерін, құқықтық дискурсты және заңнама лингвистикасын зерттеу өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттық құқықтық терминологияның қалыптасу көздерін тарихи жазба ескерткіштер негізінде қарастыру – заң тілі мен құқықтық нормалардың өзара байланысын айқындауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, ортағасырлық армян-қыпшақ жазба ескерткіші «Төре бітігі» тіліндегі заң ұғымдарын талдау түркі халықтарының құқықтық санасы мен ойлау жүйесінің қалыптасуын анықтауда аса маңызды.
Зерттеудің мақсаты – ортағасырлық армян-қыпшақ «Төре бітігі» жазба ескерткіші мәтініндегі құқықтық терминдер мен заң ұғымдарын лингвистикалық тұрғыдан талдау, түркі халықтарының құқықтық дәстүрі мен ұлттық заңнамалық ойлау жүйесінің эволюциясын айқындау және қазіргі қазақ құқықтық терминологиясының тарихи негіздерін көрсету.
Мақаланың өзектілігі ұлттық заңнама лингвистикасының тарихи негіздерін айқындап, қазіргі құқықтық терминжасам мәселелерін зерделеуге теориялық әрі практикалық үлес қосуымен өзекті болып табылады.
Зерттеу барысында жиналған материалдарды сұрыптап талдау, фактілер барысында теориялық тұжырымдар жасау, тарихи - салыстырмалы, жинақтау, баяндау әдістері кешенді түрде қолданылды.
Мақаланың ғылыми құндылығы келесі нәтижелермен сипатталады: армян-қыпшақ тіліндегі ортағасырлық заң мәтіндері алғаш рет заңнама лингвистикасы тұрғысынан кешенді зерттелді. «Төре бітігі» ескерткішіндегі құқықтық терминдер мен олардың тұрақты тіркестерде берілу ерекшеліктері айқындалды, түркі халықтарының құқықтық дәстүрі мен ұлттық заңнамалық ойлау жүйесінің сабақтастығы дәлелденді; сонымен қатар қазіргі қазақ құқықтық терминологиясының тарихи негіздері нақты көрсетілді.
Зерттеу нәтижелерінде «Төре бітігі» заңнамасының құрылымы мен мазмұны анықталып, онда қолданылған құқықтық ұғымдарының семантикалық ерекшеліктері айқындалды. «Төре» ұғымының көне түркі дәуірінен бастау алатын мемлекеттік-құқықтық мәні ашылып, оның түркі қоғамындағы алғашқы заң нысандарының бірі болғаны дәлелденді, сондай-ақ «жарғы», «бұйрық» ұғымдарымен мағыналық-семантикалық сабақтастығы айқындалды. Ортағасырлық түркілердің басқару жүйесі, құқықтық қатынастары мен саяси құрылымы туралы құнды деректер жүйеленді.
Зерттеу түркі халықтарына ортақ құқықтық мұраның қазіргі кезеңдегі маңыздылығын айқындап, ұлттық заңнама лингвистикасын дамытуға негіз бола алатын ғылыми нәтижелер ұсынды.





