ОТБАСЫ ҒҰРЫП ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ СОМАТИКАЛЫҚ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР: СЕМАНТИКАСЫ МЕН ҒҰРЫПТЫҚ ҚЫЗМЕТІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.3.82.017Кілт сөздер:
ғұрыптық фольклор, соматикалық фразеологизмдер, ұлттық дүниетаным, отбасы ғұрып фольклоры, өмірлік цикл, семантика, өтпелі ғұрыптарАннотация
Зерттеу жұмысында қазақ отбасы ғұрып фольклорындағы соматикалық фразеологизмдердің семантикалық және функционалдық сипаты кешенді түрде қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде адамның дене мүшелеріне қатысты атауларға негізделген тұрақты тіркестердің әлпештеу фольклоры, үйлену ғұрып фольклоры және азалау ғұрып фольклорындағы қолданысы алынды. Отбасы ғұрып фольклоры адамның өмірлік жолын реттейтін дәстүрлі рәсімдермен тығыз байланысты болғандықтан, соматикалық фразеологизмдер мұнда жеке эмоцияны ғана емес, қауымдық санаға ортақ психологиялық күйді, әлеуметтік қатынастарды және тағдырлық түсініктерді бейнелейтін тілдік құрал ретінде көрінеді. Зерттеу барысында соматизмдердің (құлақ, бас, қабырға, жүрек, қол, көз, қабақ, маңдай) ғұрыптық контекске қарай сан түрлі семантикалық жүк арқалайтыны анықталды. Әлпештеу фольклорында жүрек пен көз соматизмдері өмірдің басталуына байланысты қуаныш, мейірім, алаңдаушылық сияқты бастапқы эмоциялық күйлерді білдірсе, үйлену ғұрпында қол, қабақ, құлақ, бас, маңдай соматизмдері әлеуметтік мәртебенің ауысуын, иерархияны, тәртіп пен жауапкершілікті бекітеді. Ал азалау ғұрып фольклорында көз, жүрек, қабырға, бас, маңдай соматизмдері қайғының терең психологиялық сипатын, тағдырдың қайтымсыздығын және рухани күйзелісті бейнелейді. Мақалада соматикалық фразеологизмдердің мағынасы ғұрыптық ситуацияға тәуелді түрде түрленіп, бір фразеологиялық бірліктің әртүрлі эмоциялық және символдық қызмет атқара алатыны дәлелденеді. Бұл құбылыс А. ван Геннеп ұсынған өтпелі ғұрыптар теориясымен сабақтастырыла отырып талданады. Соған сәйкес, соматикалық фразеологизмдер қазақ фольклорында өмірлік циклдің (туу – ер жету – өлу) шекаралық кезеңдерін белгілеуші семиотикалық тетік ретінде қызмет атқарады. Зерттеу нәтижелері соматикалық фразеологизмдердің қазақ отбасы ғұрып фольклорында ұлттық дүниетанымның маңызды тілдік репрезентанттары екенін айқындайды.





