ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІЛДІК ОТАРСЫЗДАНДЫРУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.3.82.002Кілт сөздер:
тілдік отарсыздану, әлеуметтік лингвистика, деколониалды лингвистика, қазақ тілі, тіл саясаты, тілдік деңгей, тілдік бірегейлік, қостілділікАннотация
Мақалада Қазақстандағы тілдік ахуал тілдік отарсызданудың алғышарттары, негізгі аспектілері мен проблемалары аясында әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан қарастырылады. Тіл ұлттық сана мен мәдени кодтың тасымалдаушысы ретінде сипатталып, осы тұрғыдан мемлекеттік тілдің қызметтік аясын кеңейту және қоғамдық сананы отарсыздандыру үдерістерін зерттеудің өзектілігі айқындалады.
Зерттеудің мақсаты – тілдік отарсызданудың әлеуметтік лингвистикалық аспектілерін айқындау, оның қоғамдық сана мен тіл саясатына ықпалын анықтау және отарсызданған тілдік ортаны қалыптастырудың ғылыми негіздерін ұсыну.
Зерттеу әдіснамасы теориялық талдау, дискурстық талдау, статистикалық әдістер және сандық әлеуметтанулық сауалнама тәсілдерінің кешенді қолданылуына негізделеді. Эмпирикалық база ретінде Қазақстан Республикасының тіл саясатына қатысты ресми құжаттар, 2021 жылғы ұлттық халық санағының деректері, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік топтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері алынды.
Зерттеу нәтижелері қазақ тілінің қызметтік аясын кеңейту үдерісіне қарамастан, оның толыққанды доминанттылығына бірқатар әлеуметтік лингвистикалық кедергілердің әсер ететінін көрсетеді. Олардың қатарында тілдік ұстанымдар, институционалдық тәжірибелер және қостілділіктің ықпалы бар. Сонымен қатар талдау қоғамда біртілділік, қостілділік және көптілділік модельдерінің қатар өмір сүретінін көрсетіп, қазіргі тілдік кеңістіктің күрделілігін айқындайды.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы тілдік отарсыздану үдерістерін кешенді әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан түсіндіруімен және оны қазақстандық контексте деколониалды лингвистиканың дамуына қосқан үлесімен сипатталады. Зерттеудің жаңалығы теориялық пайымдауларды, медиа дискурсты талдауды және эмпирикалық деректерді ұштастыратын кешенді тәсіл арқылы тілдік үдерістерді көпқырлы бағалауға мүмкіндік беруімен анықталады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін арттыруға, тіл саясатын жетілдіруге және тілдік отарсыздану стратегияларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеумен байланысты.





