ҚАЗАҚ РЕСМИ-ІСКЕРИ СТИЛІ: СИПАТТАМАСЫ, СТАНДАРТТЫ ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ

Автор(лар)

  • А. Алдаш Институт языкознание имени А.Байтурсынова
  • Ә. Сейдамат

##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:

https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.3.74.001

Кілт сөздер:

ресми-іскери стиль, ісқағаздары, стильдік айырым белгілер, ақпараттық сапа, коммуникативтік сапа, мәтін тұтастығы, стандартты тілдік бірліктер, норма, стандарт

Аннотация

Қоғамның коммуникативтік кеңістігінде қазақ тілінің өміршеңдігін сақтау, бәсекеге қабілетін арттыру, қолданыс аясын одан әрі ұлғайту стратегиясы қазіргі Жаңа Қазақстан кезеңінде сындарлы түрде жалғасып келеді. Бұл ретте тіл саясатын оңтайлы жүзеге асыруда әдеби тіл жүйесіндегі тармақтарды әрбір стильдің ерекшеліктерін кешенді қарастырудың және жеке-дара талдаудың маңызы зор. Қазіргі кезеңде қазақ тілінде ресімделетін ресми құжаттар мен іс қағаздарының (директивтік, әкімшілік-басқарушылық, құқықтық, дипломатиялық қатынастар жөніндегі құжаттар мен іс қағаздары) көлемі барынша ұлғайды. Осыған орай қазіргі қазақ ресми-іскерлік стилінің жүйелі-кешенді, құрылымдық-мазмұндық сипаттамасын қараудың өзектілігі мынадай факторлармен байланысты: а) қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің қатарында ресми-іскери стиль – сыртқы лингвистикалық факторларға байланысты құрылымдық сипаттамасы мен мазмұны, стилистикалық айырым белгілері толық айқындалмаған салалардың бірі; б) ресми мәтіндер әдеби тілдің лексикалық құрамына тән динамикалық процестерді зерттеу үшін эмпирикалық материалды таңдауда негізгі дереккөзге айналады.

 Зерттеу жұмысының мақсаты қазіргі қазақ ресми-іскери стилінің құрылымдық-мазмұндық сипаттамасын, стилистикалық айырым белгілерін айқындау. Қазіргі қазақ ресми-іскери стилі мәтіндеріне тән басым үдерістерді анықтау әрі мәтін тұтастығына тән сипаттарды айқындау мақсатында жинақтау, іріктеу, түсіндіру, жүйелі-құрылымдық, синхронды сипаттау, синтездеу, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының нәтижесінде қазақ ресми-іскери стилі мәтіндерінің тұтастығын анықтайтын құрылымдық-мазмұндық ерекшеліктері – ақпарат сапасын анықтайтын тілдік бірліктер, коммуникативтік сапаны анықтайтын тілдік бірліктер анықталды. Ресми-іскери стильдің барлық үлгілерін жинақтап, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес стилдік байлаулы белгілері жүйеленген, емле және тыныс белгілері біріздендірілген, кодификацияланған формалды тілдік модельдерін жасау қажеттілігі айқындалды.

Зерттеу жұмысы қорытындысының практикалық негізі іс жүргізу үлгілерінің архитектоникасына тән лексика-грамматикалық құрылым жүйесі қазақ тілі бойынша кәсіби білім берудің, орта және жоғары білім беру жүйесінде ғылым мен техника саласында мемлекеттік тілді меңгерудің негізгі, беделді көзі болып табылады. Ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізу қоғам мүшелерінің мемлекеттік тілді меңгерудегі саналы ұстанымын қалыптастыруға оң әсер етеді.

Жүктеулер

Жарияланған

2024-09-26

Жоба

Раздел

Статьи