ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МӘНІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.4.75.015Кілт сөздер:
қолөнер, зергерлік өнер, зергерлік бұйымдар, этномәдени лексика, этнолингвистика, мәдени нышанды, тілдік бірлік, мәдениет, қазақ мәдениетіАннотация
Мақала қазақ тіліндегі зергерлік өнерге қатысты тілдік бірліктерді зерттеуге арналған. Мақалада аталған тілдік бірліктердің зерттелуіне қысқаша шолу жасалып, жіктелімі қарастырылды. Сондай-ақ кейінгі кезеңдерде сиректеу қолданылатын бірқатар зергерлік бұйым атауларының этнолингвистикалық мәні сарапталды. Зерттеу барысында қазақтың көне зергерлік бұйымдарының атаулары, этномәдени қыры, оларды тұтынудың себеп-салдары тәрізді мәселелер жоғары оқу орындарында білім алушылардың көпшілігіне беймәлім екендігі анықталды. Сондықтан да тілдік қордың ауқымды бөлігін құрайтын аталмыш тілдік бірліктерді салыстырмалы, салғастырмалы және аударматанымдық тұрғыдан зерттеудің маңызы зор. Себебі қандай да болмасын зергерлік бұйымдардың тұтас тұрпатында, материалы мен ою-өрнектерінде, тіпті қолданылуында да көпшілік назарынан тыс қалатын өзіндік мән бар. Аталған топқа қатысты тілдік бірліктерді зерттеу ұлт тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, ұстанымы, қолөнері жөнінде кейбір мағлұматтарды анықтауға септігін тигізеді.
Зергерлік өнерге қатысты тілдік бірліктерді зерттеу барысында келесідей әдіс-тәсілдер қолданылды. Сипаттама әдісі негізінде қазақ тіліндегі зергерлік өнерге қатысты тілдік бірліктердің зерттелуі, жіктелімі, түрлері т.б. тәрізді мәселелер сарапталды. Салыстырмалы әдістің нәтижесінде зергерлік өнерге қатысты тілдік бірліктердің жиі және сирек қолданылатын түрлері, жасалу жолдары анықталды. Құрылымдық әдістің негізінде аталған тілдік бірліктердің құрамы және құрылымы, тіркес құрауға икемдігі нақтыланды. Семантикалық әдістің нәтижесінде әшекей бұйым атауларының мәні, қолданыс аясы, әйел адамның жас ерекшелігіне қарай қолданысы тәрізді мәселелер анықталды. Ал этнолингвистикалық әдіс арқылы әрбір әшекей бұйымның шығу төркіні, мәні, маңыздылығы, әйел адамның өмірінде алатын орны сарапталды.