ТАРИХИ ҚОС СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚОЛДАНЫСЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.3.74.003Кілт сөздер:
түркітану, тарихи түркі тілдері, қазіргі қазақ тілі, қос сөздер, көне ұйғыр тілі, сөз тіркесі, салыстырмалы лингвистика, лексикаАннотация
Түркі тілдерінің бірі – қазіргі қазақ тілінде тарихи қос сөздер кең қолданылады. Қазіргі таңда көне түркі тілдерінде жазылған жазба ескерткіштердегі қос сөздер қазақ тілінде еш өзгеріссіз пайдаланылу үстінде. Қос сөздер көне түркі тілдерінің ішінде көне ұйғыр тілінде көп кездесетіндіктен мақаламызда қазіргі қазақ тілі мен көне ұйғыр тіліндегі қос сөздер қарастырылды. Мақалада кейбір сөздердің дыбыстық, құрылымдық және мағыналық жағынан еш өзгеріске ұшырамай, сол қалпында қолданылғандығы анықталып, мысалдармен дәлелденді. Көне ұйғырлар дәуірінен бері қолданылып келе жатқан кейбір қос сөздердің аз-кем өзгеріске ұшырағандығы, яғни, кейбірінің қазіргі қазақ тілінде екінші сөзінің өзгеріске ұшырағандығы ашып көрсетілді.
Мақаланың мақсаты арадан қанша ғасыр уақыт өтсе де екі түркі тіліндегі (біреуі ескі, біреуі қазіргі) кейбір сөздердің екі тілде де сол қалпында қолданылатындығын анықтау. Екі түркі тілі арасындағы жалғастықты ашып, көрсету. Мақаланың көне түркі тілдерінің қолданылған территориясын анықтау және кезең кезеңмен өзгеріске ұшырау үрдісін (процесін) зерттеу барысында ғылыми және тәжірибелік мәні зор. Ғылыми жұмыста салыстырмалы талдау, топтау, аудару әдіс-тәсілдері қолданыла келе, қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген көне ұйғыр тілінде де кең қолданыста болған кейбір сөздердің шығу төркінін талдауға қол жеткізілді. Зерттеу жұмысымызды жазу барысында көне ұйғыр тіліндегі көптеген еңбектерді пайдаландық.
Мақаланың өзектілігі бұл тақырыптың қазақ ғылымында қазақ тілінде бұрын-соңды қолға алынбағандығы және ғылыми айналысқа түспегендігі болып табылады. Мақаланы «Қазақ әдебиеті тарихы», «Түркі әдебиеті тарихы», «Түркітануға кіріспе» пәндеріне көмекші оқу құралы ретінде пайдалануға болады.