ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ «ЕРКЕК-ӘЙЕЛ» БИНАРЛЫ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ЛЕКСИКОГРАФИЯЛЫҚ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2022.64.1.004Кілт сөздер:
гендер, гендерлік лингвистика, «еркек-әйел» оппозициясы, лексикографияАннотация
Аңдатпа. Мақала қазақ тіліндегі еркек-әйел бинарлы оппозициясының лексикографиялық репрезентациясын айқындауға арналған. Аталық және аналық бастау туралы түсініктің, сонымен қатар олардың қарама-қарсылығының тілде көрініс беруін қазіргі гендерлік лингвистика немесе лингвистикалық гендерология зерттейді. Гендер әлеуметтік жыныс, қоғамдағы тұлғаның жыныстық ерекшелік факторы ретінде тілде көрініс бермеуі мүмкін емес. Мақалада гендерлік фактордың көрінісі тілдің барлық деңгейлерінде зерттелуі керектігіне және гендерлік лингвистиканың негізгі бағыттарының бірі ретінде гендерлік лексикография екендігіне мән беріледі.
Лексикографиялық бағыттағы гендерлік зерттеулер еркектік және әйелдік концептілеріне қатысты әлеуметтік рөлдер мен қызметтердің, әлеуметтік-мәдени түсініктердің тілдік құрылымдалуын зерттеуде лингвомәдени ұстанымды толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігі, түсіндірме сөздіктер ұлттың әлемдік тілдік бейнесінде қалыптасқан ерекшелігін көрсететіндігі, концептінің ядорлық негізінің дамуын, өзгерісін анықтайтындығы маңызды фактор ретінде қаралады.
Зерттеу жұмысының мақсаты – лексикографиялық аспектіде еркек - әйел бинарлы оппозициясының мазмұнын айқындау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін сөздік дискурсы гендерді құрылымдаудың маңызды ресурстарының бірі ретінде зерттеу көзі мен талдау объектісі ретінде алынып, гендерлік лексемаларға талдау жасалады.
Зерттеу әдісі ретінде сөздің мағыналық құрылымы, оның ішінде сөз мағынасын зерттеудің құрылымдық әдісі (компоненттік талдау) қолданылады. Компоненттік талдау әдісі арқылы қазақ тілінің түсіндірме сөздіктеріндегі еркек – әйел концептуалды оппозициясы номинантарының сөздік дефиницияларын талдау жолымен сөздердің базалық бөлігінің семантикалық құрылымы анықталады, сөздіктердегі ер, еркек және әйел, қатын сөздерінің түсіндірмелері талданып, ер және әйел түсініктері арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктер айқындалады.
Зерттеу нәтижесінде лексемалардың ядролық және қосымша компоненттері анықталып, бинарлы оппозицияның құрамындағы лексемалардың мағыналары салыстырыла келе, еркек пен әйел түсіндірмелерін беруде бірдей мағыналық модельдеу үлгісі қолданылғандығы және анықталған компоненттік белгі белгілі бір деңгейде ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік концепциясын көрсететіндігі айтылады.
Зерттеу жұмысының ғылыми маңыздылығы қазақ тіл білімінде жаңа қалыптасып келе жатқан гендерлік лингвистика ғылымында лексикографиялық бағытың дамуына өз үлесін қоспатындығымен айқындалады.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде алынған тұжырымдар гендерлік сөздіктерді құрастыруда практикалық маңызға ие болуы мүмкін.