ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ МИКРОЖАНРЛАР: ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ МИСТИКАЛЫҚ БАҒЫТ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.4.79.042Кілт сөздер:
микрожанр, мистикалық баяндау, символизм, психологиялық проза, қазіргі қазақ әдебиеті, флешфикшн, сана ағысы, экзистенциалды проза, шағын әңгімеАннотация
Бұл мақалада қазіргі қазақ прозасындағы микрожанрлардың пайда болу себептері мен олардың әдеби процестегі маңызы талданады. Автор әсіресе психологиялық және мистикалық бағыттардың шағын прозадағы көрінісін теориялық және мәтіндік тұрғыдан зерделеуді мақсат еткен. Зерттеудің негізгі мақсаты – микрожанр үлгісіндегі шығармаларда мистикалық және психологиялық баяндаудың рөлін анықтау, олардың қазақ әдебиетінің жанрлық эволюциясындағы орнын айқындау. Мақалада микрожанр ұғымының тарихи даму арналары көрсетіліп, ХХІ ғасырда оның оқырманның тез қабылдауына бейімделген жаңа форма ретінде орныққаны түсіндірілген. Микрожанрдың негізгі идеясы – ықшам мәтін арқылы көпқабатты мағына жеткізу және оқырманның интерпретациялық белсенділігін арттыру. Зерттеу барысында сипаттамалық, құрылымдық-семиотикалық және салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Негізгі материал ретінде Мәдина Омарова мен Әлішер Рахаттың шағын прозалары алынған. М. Омарованың «Шеңбер» және Ә. Рахаттың «Орта» шығармалары психологиялық және мистикалық элементтерге бай микромәтіндер ретінде қарастырылып, олардың ішкі монолог, символизм және беймәлім атмосфера құру тәсілдері ашып көрсетілді. Оқиғаның шартты бұзылуы, уақыт-кеңістік категорияларының бұлыңғырлануы микрожанрдың маңызды белгісі екені дәлелденді. Микрожанрлар оқырманды сана ағысына жетелейтін, экзистенциалды күйді бейнелейтін көркемдік модель ретінде бағаланды. Бұл формалар қазақ прозасында жанрлық жаңғырудың айқын көрсеткіші саналады. Мақалада микрожанрлар тек әдеби құбылыс емес, заманауи мәдени үдерістердің айнасы ретінде қарастырылып, олардың философиялық және эстетикалық әлеуеті көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері қазіргі шағын прозаны талдау мен оқу бағдарламаларын жетілдіруге, жаңа авторлық тәжірибелерді қолдануға негіз бола алады. Сонымен қатар мақалада микрожанрлардың дамуын постмодернистік эстетика аясында қарастырып, олардың мазмұндық және формалық ерекшеліктері арқылы қазіргі әдебиеттегі эксперименттік үрдістермен сабақтастығы анықталған.





