ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС ТАРМАҒЫНДА КЕЗДЕСЕТІН ТОПОНИМДЕРГЕ ЭТИМОЛОГИЯЛЫҚ ШОЛУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2023.54.86.003Кілт сөздер:
Жібек жолы, этимология, топоним, керуен-сарай, ареал, семантика, макротопоним, бағытАннотация
Ұлы Жібек жолы, әуелде шығыстан батысқа қарай салынғанымен, кейін сауданың дамуына байланысты, жан-жаққа тарамдалған бірнеше бағыттар пайда болды. Соның бір саласы Көне Түркі, Көне Ұйғыр қағанаттары қалыптасқан кезде, солтүстік және солтүстік-шығыс өлкелерге жол тартады. Қытай жібегін артқан түйелі керуендер Өтүкенді басып өтіп, Енисей аңғарларына дейін сапар шеккені анық. Мақаланың мақсаты Ұлы Жібек жолының солтүстік және солтүстік-шығыс бағыттарындағы тарихи топонимдердің кейбіріне этимологиялық талдау жасау болып табылады. Себебі Жібек жолының бойындағы макротопонимдер мен елді мекен аттары (ойконимдер) күні бүгінге дейін тілдік тұрғыдан жүйелі түрде қарастырылмаған. Бұл мақаланың өзектілігін айқындайды әрі осы тақырыптағы үлкен ғылыми жобаның бір бөлшегі болып табылады. Қарастырылатын топонимдердің этимологиясын талдау арқылы, ол атаулардың қай тілден жасалғанын, ол жерлерді кімдер мекендегенін анықтау мақаланың ғылыми маңыздылығын арттырады.Мақаланың мақсатына жету міндеттері бойынша, кіріспе бөлімінде Ұлы Жібек жолының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы туралы қысқаша мәлімет келтіріледі. Сонымен бірге, мақалада талданатын топонимдердің хронологиясы, ареалы таныстырылады. Содан соң Жібек жолының солтүстік бағытына тән топонимдер таңдап алынып, этимологиялық талдау жасалады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығына Ұлы Жібек жолының солтүстік тармақтарын анықтау арқылы, ол көне сауда жолы қазіргі заманда бар ма, пайдаланып жүрміз бе, қайта жандандаруға бола ма деген сұрақтарға жауап іздеу жатады. Автор тарихи топонимнің мағынасы туралы бұрын-соңды айтылып келген пікір, тұжырымдарды салыстыра қарап, одан соң өз тұжырымын ұсынады. Зерттеуде тіл біліміне тән салыстырмалы-тарихи, ареалдық тәсілдер қолданылған. Тарихи, көне топонимдердің этимологиясын ашудың өзіндік қиындығына байланысты, автор өзі ұсынған тұжырымдардың болжамдық сипаты басым екенін ескертіп отырады. Соған қарамастан, этимологиялық талдаулар біршама сәтті жасалғанын аңғару қиын емес. Мақаладағы зерттеудің нәтижесінде бұрын қарастырылмаған бірнеше тарихи топонимнің этимологиясы ашылып, оның қай тілден жасалғаны, қандай мағына беретіні ғылыми айналымға енеді. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармақтарын қалыптастырған түркі тайпалары туралы құнды жаңалықтар ашылады.
Мақала BR10965370 «Ұлы Жібек жолының тарихи топонимиясын ғылымдар тоғысында зерделеу» атты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен мақсатты бағдарламалық жоба аясында дайындалды.