КӨШПЕЛІЛЕР ӨМІРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫНЫҢ РӨЛІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КӨРКЕМ БЕЙНЕСІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2023.27.14.022Кілт сөздер:
жылқы, Ұлы Дала, көшпенділер, ұлттық құндылық, мәдени код, атқа отыру, ауыз әдебиеті, дәстүр, этнографиялық үрдіс, ұлттық таным, Түркі мәдениеті, отаршылдық езгі, болмыс, ат мәдениетіАннотация
«Ұлы даланың жеті қыры» бастамасы қазақ тарихына, этнографиясына, фольклорына қатысты зерттеулерге жаңа леп берді. Археологиялық және этнографиялық зерттеулер көрсеткендей, Ұлы Дала өркениетінің жылқыны қолға үйрету сынды жетістіктері адамзаттың мәдени дамуының маңызды бөлігі болып табылады. Дегенмен, Ұлы даладағы жылқының рөлін әдеби және фольклорлық мұралар тұрғысынан кешенді зерттеу әлі күнге дейін жүргізілмеді. Бұл мақаланың өзектілігі жылқының Ұлы Даладағы рөлін, оның әдебиеттегі бейнесін талдау арқылы дүниежүзілік тарихтағы түркі мәдениетін тануға, әлемдік өркениеттегі өз орнымызды анықтауға бағытталғандығында. Бұл өз кезегінде қазақ тарихына біржақты баға беруді, соның ішінде атты қолға үйрету мәдениетіне қатысты еуроцентристік стереотиптердің мысалдарын жоққа шығара отырып, тәуелсіз ғылыми деректерге негізделген көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әдебиетіміздегі адам санасының қазынасына үлкен үлес қосқан мәдениеттің мұрагері екенімізді сезіндіретін әдеби шығармалар зерттеу нысанына алынды. Біздің әдеби мұрамыз өлкедегі тарихи үдерістерді жаңа концептуалды пайымдауға жетелеуі керек. Оның үстіне әдебиеттегі, поэзиядағы, халық ауыз әдебиетіндегі жылқының келбетін зерттеу – болашақты қалыптастырудың құралы.
Екінші жағынан, отаршылдық езгі қазақ болмысының эволюциялық дамуын тоқтатып, рухани дағдарысқа әкелді. Соның салдарынан империялық режим ұлттың сан ғасырлық этногенетикалық тегіне, мәдениетіне көлеңке түсірді. Көне шежіре көмескіленіп, қазақ елі мемлекеттігінен айырылып қала жаздады. Рухани жаңғыру идеясының заңды жалғасы болған бастама қазақ тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін отарсыздандыруға жол ашты. Сондықтан, бұл зерттеудің мақсаты – халық ауыз әдебиетінен бүгінгі күнге дейінгі әдеби мұраларда көрініс тапқан жылқының ұлт үшін алатын орны мен маңызын ғылыми тұрғыда айқындап, адам тағдыры мен болмысын ашу үшін романдардағы жылқының интуициясын бейнелеу жолдарын талдайды. Бұл зерттеу салыстырмалы және сипаттамалық талдау әдістерін қолданып, қазақ әдебиетіндегі жылқы образына әдеби шолу жасау арқылы жүргізілді. Зерттеу нәтижесін қазақ және түркі елдері әдебиеті мен мәдениеті, этнографиясына қатысты ғылым салаларында қолдануға болады.
Мақала ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақ көшпелілерінің өміріндегі жылқының рөлі және оның ұлттық әдебиеттегі көркем репрезентациялануы» атты гранттық жобасы (IRN AR 14872341) негізінде жарияланды.