МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ «СҮЙЕМІН» ӨЛЕҢІНІҢ ЛИНГВОПОЭТИКАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРЫС, АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНЕ АУДАРЫЛУЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.2.77.018Кілт сөздер:
Мағжан Жұмабаев, поэзия, лингвопоэтика, поэтикалық аударма, стиль, көркемдік-бейнелеуіш құралдар, ұйқас, ырғақАннотация
Мақалада Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңінің лингвопоэтикасы (көркемдік-бейнелеуіш құралдар, мәдени лексика, өлеңнің сыртқы формасы) және оның орыс, ағылшын тілдеріне аударылу ерекшеліктері қарастырылады.
Зерттеудің мақсаты, негізгі бағыттары мен идеялары – поэзияның аудармасы әрдайым аударманың жеке санатына жатады, өйткені поэзия жанр ретінде өзіне тән сипатына байланысты аудармашының ерекше назарын қажет етеді. Поэтикалық мәтіннің ерекшелігі оның мәдени, ұлттық ерекшеліктеріне де, ол жазылған тілдің құрылымдық ерекшеліктеріне де байланысты. Сол себепті зерттеу жұмысының мақсаты Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңінің негізінде қазақ тілінен орыс, ағылшын тілдеріне поэзия аудармасын жасаудың мазмұндық-құрылымдық трансформацияларын, заңдылықтарын анықтау және тұжырымдау болып табылады.
Жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығы – мақалада поэтикалық аудармада ықтимал аударма мәселелеріне қатысты ғалымдардың ой-тұжырымдары жан-жақты қарастырылады. Бұл зерттеудің теориялық құндылығын құрайды. Орыс тіліндегі екі аударма нұсқасын түпнұсқамен салыстыра отырып талдап, авторлар ағылшын тіліндегі аударманың өзіндік нұсқасын ұсынады және бұл жұмыстың практикалық құндылығын көрсетеді.
Зерттеу әдіснамасының қысқаша сипаттамасы – түпнұсқа/аударма жұбында өлеңнің ішкі және сыртқы формасына салыстырмалы семантикалық, құрылымдық талдау жасалды.
Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен талдауы, қорытындылары – өлеңдерді аударудың негізгі міндеті тек семантикалық ғана емес, сонымен қатар мәтіннің құрылымдық, стилистикалық, көркемдік және бейнелік бірлігін сақтау болып табылады деген қорытынды жасалады. Осы мақсатта поэтикалық шығармаларды аудару процесінде өлеңнің құрылымы мен мазмұнының тұтастығына қол жеткізу үшін бейнелердің семантикалық дамуын қолдануға болады. Талдау нәтижесінде аудармаға тілдік және мәдени ерекшеліктермен қатар, аудармашының гендерлік тұлғасы да әсер еткені болжанды.
Зерттеудің құндылығы мен жұмыс қорытындысының практикалық маңызы – отандық аударматану ғылымында М. Жұмабаев поэзиясының орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармалары лингвопоэтика тұрғысынан зерттелмеген. Сол себепті талдау нәтижесі ақын өлеңдері аудармаларының сапасын анықтап қана қоймай, ары қарай да жоғары деңгейде тәржімеленуіне септігін тигізеді.