Т. ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ «ТАЛТҮС» РОМАНЫНДАҒЫ ЖЕТІМ БАЛАНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.2.81.042Кілт сөздер:
талтүс, жетім бала, жалғыздық, жан жарақаты, тұлға, өнер, музыка, күй, балалық шақАннотация
Т. Әсемқұловтың «Талтүс» романы – жетім бала психологиясын, дүниетанымын аша алған шығарма. Прозалық шығармадағы жетім бала бейнесі арқылы жеке адамның тағдырын ғана емес, жалпыадамзаттық болмысты тануға болады. Романда атасы әке-шешенің жоқтығын білдірмеуге тырысып, жасырып-жасқаса да бала бойында метафизикалық сағыныш менмұндалайды. Өгей шешеден теперіш көрген баланың ішкі қорқыныштары мен күрескерлік қасиеті шебер суреттеледі. Сондықтан болар, бас кейіпкер өзін кітаптардан, домбыра пернесінен, дастархан басындағы тағылымды әңгімелерден құрап алуға тырысады.
Мақаланың негізгі мақсаты – автордың «Талтүс» романындағы жетім бала Әжігерейдің ішкі әлемін суреттеу және экзистенциалдық жалғыздық мәселесіне үңілу. Бұл мақалада жетім баланың жан-дүниесіне жан-жақты барлау жасалып, рухани жалғыздық мәселесі философиялық және психологиялық тұрғыдан зерделенеді. Негізгі идеясы – жаны жараланған кейіпкерді суреттеудегі автордың қолданған көркемдік тәсілдерін талдау. Тамырсыздық, белгісіздік мәселелерінің кейіпкер санасына әсер етуі арқылы рухани аш жетім баланың өзіндік «менін» іздеу жолындағы сапарын сипаттау. Зерттеуде көркем-әдеби талдау әдісі, психологиялық талдау әдісі, когнитивтік талдау әдісі, экзистенциалдық-философиялық әдіс және болжамдық әдіс қолданылады.
Зерттеу нәтижесінде, автордың «Талтүс» романы – күйшілік өнерден сыр шерту ғана емес, күй арқылы өзін табуға тырысқан жетім баланың талпысы, тұлға ретінде қалыптасу жолы, символика арқылы берілген сана түкпіріндегі қорқыныштары зерттелген шығарма екені анықталады. Сонымен қатар, жетімнің ішкі күйі мен тартқан күйіндегі байланыс тұжырымдалады. «Талтүс» романының негізгі тақырыптарының бірі күй өнерінің дамуы ғана емес, жетім баланың ішкі күйіне үңілу екені анықталады. Автордың бас кейіпкерді жетім бала ретінде алу себептері зерттеліп, тиісті қорытындылар жасалады. Бас кейіпкердің жетімдіктен алған жарақаттарын күй өнері, яғни музыкалық терапия арқылы емдеуге тырысқаны да зерделенеді. Зерттеу жетім бейнесін әдеби-теориялық тұрғыда талдауға негіз болып, алынған нәтижелерді оқу және ғылыми тәжірибелерде қолдануға ұсынылады.





