БӘСЕКЕЛЕС АУДАРМАЛАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ (АБСУРД ӘДЕБИЕТІНІҢ АУДАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2023.70.3.018Кілт сөздер:
аударматану, аударма, көптігі, абсурд әдебиеті, Дж.Хеллер, көркем аударма, түпнұсқа мәтін, аударма мәтіні, аударма трансформацияларыАннотация
Ұзақ жылдар бойы көркем мәтіндерді аудару аударма теоретиктері мен практиктері арасында үлкен қызығушылық туғызып келеді. Аударма ғылымы үнемі қозғалыста және даму үстінде, өйткені тілдің лексикалық құрамы үнемі өзгерістер мен жаңартуларға ұшырайды, сондықтан аударма мәселесі әрқашан өзекті болып қала береді. Оның үстіне қазіргі лексика мен тілдік бірлік, дүниені жаңаша қабылдау, өзекті әдебиет аударма барысында қиындықтар туғызады. Ғылыми тұрғыдан алғанда аударма көптігінің пайда болуы заңды және жаңа аудармалардың тұрақты қажеттілігін негіздейді. Қайта аударма негізінен ғылыми немесе техникалық мәтіндерге емес, көркем мәтіндерге жүргізіледі. Ал, абсурд әдебиеті өз кезегінде көркем мәтінге жататындықтан, абсурд әдебиетінің аудармаларын зерттеу және талдау аударма көптігінің пайда болу себебін ашуға көмектеседі.
Зерттеудің мақсаты – абсурд әдебиеті аудармалары негізінде аударма көптігінің пайда болу мәселелерін ашу болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер белгіленді: көркем мәтіндердің аударма көптігінің пайда болу себебін анықтау, абсурд әдебиетінің аудармаларын талдау, абсурд әдебиетінің барабар аудармасына қол жеткізу үшін аударма шешімдерін анықтау.
Зерттеу барысында салыстырмалы талдау әдісі, мәтіннің лингвистикалық ерекшеліктерін сәйкестендіру арқылы дискурсивті талдау жасау әдісі және сипаттау әдісі қолданылды.
Соңғы жылдардағы зерттеулер көрсеткендей, абсурд әдебиетінің аудармасын зерттеу лингвистер, әдебиеттанушылар, филологтар мен аудармашылар үшін үлкен теориялық және практикалық қызығушылық тудырады. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін аударматану мен филология зерттеулерінде, көркем мәтіндерді аудару курстарын оқыту тәжірибесінде пайдалану мүмкіндігінен көрінеді. Қазақстанда әзірге оқырмандар, тіл мамандары мен аудармашылар арасында абсурд әдебиетіне деген қызығушылық енді байқалып келеді. Осыған байланысты абсурдтың эстетикасы қазақстандық оқырмандар үшін әлі де жаңа және өзекті, сондықтан да абсурд әдебиеті мәтінінің бірнеше аудармасының пайда болуы орынды. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижесі аударма көптігінің негізгі себептері аудармашының түпнұсқа мәтінді дұрыс түсінбеуі, аударма қателері мен тілдік сәйкессіздіктер екендігін анықтау болып табылады.