ФЭНТЕЗИ ЖАНРЫНДАҒЫ СИҚЫРДЫҢ РӨЛІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАС ОҚЫРМАНҒА ӘСЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.73.2.023Кілт сөздер:
фэнтези жанры, балалар әдебиеті, сиқыр, ойдан шығарылған әлем, фантастика, балалар мен жасөспірімдер, психологизм, британ фэнтезиіАннотация
Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалыптастырып келе жатқан фэнтези жанры оқырманның ғана емес, зерттеушілердің де қызығушылығын тудыруда. Десе де бұл жанр төңірегіндегі ғылыми зерттеу жұмыстары саны батыс елдерінде айтарлықтай көп болғанымен, қазақ әдебиеттануындағы фэнтези жанрына арналған зерттеулер бірнеше мақала деңгейінен аспай тұр. Осы тұрғыдан келгенде зерттеу жұмысының өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы көрінеді.
Фэнтези жанрының ең негізгі ерекшеліктерінің бірі шығармада орын алатын сиқыр, ойдан шығарылған әлем, таңғажайып жаратылыс иелері, т.б. Мақаланың мақсаты фэнтези шығармалардағы «сиқыр» концептісінің берілу ерекшеліктерін айқындау және оның балалар мен жасөспірімдерге әсерін анықтау болып табылады.
Зерттеу жұмысының ғылыми маңыздылығы – фэнтези жанры туралы шетелдік және отандық зерттеушілердің ғылыми тұжырымдамаларын талдау және фэнтези шығармалардың негізгі құраушы компоненті болып табылатын сиқырдың берілуін зерттеудің маңыздылығын анықтау.
Зерттеу жұмысында дескриптивтік әдіснама негізінде эмпирикалық тәсіл қолданылды. Сондай-ақ фэнтези жанрында жазылған шығармалардағы «сиқыр» және «ойдан шығарылған әлем» концептілері қазақ әдебиетіндегі фэнтези жанрының репрезентативі ретінде алынған А.Алмаштың «Құрбы қыздар құпиясы» шағын роман-фэнтезиі мен британ жазушысы Дж.К.Роулинг шығармаларын салғастыра зерттеу арқылы айқындалады.
Фэнтези жанрының соңғы жылдары жас оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып келе жатқандығын ескере келе, ата-аналар мен мұғалімдер мұндай кітаптардың көп оқылуы жас ұрпақты шынайы өмірден алшақтатады, шынайы құндылықтарды, соның ішінде діни құндылықтарды ауыстырады деп қорқады. Қазіргі әлемде қандай құндылықтар мен көзқарастарды шынайы деп санауға болады деген сұрақ туындайды. Осы мәселелердің өзектілігі есепке алына отырып, шағын зерттеу жұмысында фэнтези жанрында жазылған шығармалардың балалар мен жасөспірімдерге әсері, олардың психологиясына ықпалын айқындау мақсатында жүргізілген сауалнама негізінде фэнтези оқырмандарға өздерін, басқаларды және олардың әлеуметтік әлемін қабылдауды қалыптастыруға көмектесе отырып, эмоционалды және танымдық әсер етеді деген тұжырым жасалады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы ретінде орта мектеп оқу бағдарламаларын жасауда оның қорытындылары мен талқылауларын есепке ала отырып пайдалануға болатындығын және жоғары оқу орындарында оқытылатын қазіргі заманғы әдебиетке байланысты дәрістерде қосымша материал ретінде қолданылу мүмкіндігін атап өтеміз.