ДЖ. К. РОУЛИНГ РОМАНДАРЫНДА АВТОРЛЫҚ НЕОЛОГИЗМДЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПРАГМА-ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ: ЖАҢА ӘЛЕМ – ЖАҢА ТІЛ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.3.74.004Кілт сөздер:
фэнтези, авторлық неологизмдер, шығармашылық, автор ойы, семиотикалық жүйе, лингво-әлеуметтік-мәдени ақпарат, авторлық лексика, неологияАннотация
Мақала Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы романдарында кездесетін авторлық неологизмдерді талдауға арналған. Джоан Роулинг жасап шығарған неологизмдер қызығушылық тудыруды тоқтатпайды, себебі олардың танымалдығы азаймақ емес. Романдар қиял, шығармашылық талпыныс пен стандарттан тыс ойлауды дамытып қана қоймай, әлемнің ұйымдастырылуы, қоғамның өмір сүру ережелері, адамдар арасындағы махаббат, сыйластық пен өзара көмекке қатысты белгілі бір моральды-этикалық постулаттарды дәріптейді. Яғни бұл романдардың адами бастауы терең. Зерттеліп отырған романдардың екінші бір ерекшелігі – олардың тілі, неологизмдерді қоса алғанда, лингвомәдени-әлеуметтік ақпараттың үлкен қорын сақтауда. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты – қолымызда бар ғылыми нәтижелерді қорытындылай келе, Дж. Роулингтің Гарри Поттер туралы жазылған романдарындағы авторлық неологизмдердің ерекшеліктерін, жасалып шығарылу жолдарын, басты функциялары мен пайда болу көздерін айқындау. Мақаланың теориялық маңызы: авторлық неологизмдерді зерттеу олардың жасалып шығарылу механизмін талдауға мүмкіндік бере отырып, қазіргі кездегі тілдік мүмкіндіктерді сипаттайтын үдерістерді бақылауға жол ашады. Практикалық жағынан мақалада авторлық неологизмдердің ақпараттық әлеуеті бар екендігі, яғни олардың қоғам, тарих, мәдениет, дәстүр туралы бірқатар ақпаратты сақтай алатындығы көрсетіледі. Мақалада неологизмдерді талдауға, олардың маңызды белгілерін ашуға мүмкіндік беретін когнитивтік, семиотикалық, семантикалық-морфологиялық, лингвомәдениеттанымдық, контекстік әдістер қолданылады. Жүргізілген зерттеу Дж. Роулингтің авторлық неологизмдерін біртұтас семиотикалық жүйе ретінде көрсетуге мүмкіндік береді, бұл жүйе жазушының авторлық ниетін жүзеге асыруға ықпал етеді, Гарри Поттер туралы романдардағы лексикалық неологизмдердің толық бейнесін жасауға және қалыптасу тәсілдеріне қарай сұрыптауға мүмкіндік береді. Алынған деректер Роулингтің авторлық сөздік қорының бірегейлігін және өзіндік ерекшелігін айғақтайды: жазушының шексіз қиялын көрсете отырып, Гарри Поттер романдарының бірегейлігін қамтамасыз ететін – автордың шығармашылық мүмкіндіктері. Роулинг жасаған неологизмдер жоғары ақпараттық энергия сыйымдылығына ие, яғни олар дәуірлерді, елдерді және мәдениеттерді біріктіретін көркем кеңістік құруға мүмкіндік береді. Мақалада келтірілген нәтижелер Дж. Роулинг жасаған авторлық сөздік қорының үлкен әлеуетін көрсетеді, оны талдау авторлық лингвистикалық неологизмдерді жасау мен қолданудың негізгі үлгілерін анықтауға және сипаттауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер тілдің лексикалық құралдарын жаңарту мен толықтырудың динамикалық процесінің мәселелерімен айналысатын неология сияқты ғылымның дамуына ықпал етеді.