ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ КОММУНИКАЦИЯДА БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАР АРҚЫЛЫ КӨРІНУІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.73.2.006Кілт сөздер:
бейвербалды амалдар, ұлттық коммуникативтік мінез-құлық, қатысым мәдениеті, коммуникативтік акті, коммуникативтік жағдаят, коммуникант позициясы, прагматика, просодика, такесика, проксемика, кинесика, сәлемдесуАннотация
Мақалада қазақ халқының қатысым мәдениеті, соның ішінде амандасу кезіндегі ым-ишаралардың коммуникативтік әрі танымдық қызметі ұлттық ментальды-лингвальды кешеннің маңызды элементі ретінде талданады. Бейвербалды амалдарға қатысты отандық зерттеулерде атала бермейтін ұлттық коммуникативтік мінез-құлық ұғымы алғаш рет қолданылып, тілдік емес құралдармен байланысы көрсетілді. Зерттеудің мақсаты – қазақ тіл білімінде зерттелуі кешеуілдеп келе жатқан бейвербалды амалдарды коммуникативтік аспектіде, яғни коммуникативтік акті – коммуникативтік жағдаят – коммуниканттар позициясы тұрғысынан талдау және олардың прагматикалық, когнитивтік мәнін ашу.
Зерттеу жұмысының ғылыми маңыздылығы: бейвербалды амалдарды антропоөзектік және функционалдық аспектіде қарастыра отырып, қазақ халқының ұлттық коммуникативтік мінез-құлқы туралы тың тұжырымдар жасалды. Зерттеу қорытындылары қазақтың ұлттық қатысым мәдениетін, коммуникация теориясын нысанға алған басқа да антропоөзектік бағыттағы ғылыми ізденістер үшін пайдалы болмақ. Сондай-ақ тілдік емес құралдар туралы зерттеулерді жаңа тұжырымдармен толықтырады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: зерттеу нәтижелерін паралингвистика, коммуникативтік актілер теориясы, когнитивті лингвистика т.б. тілдің танымдық қызметін зерттейтін салаларда және қазақ халқының ұлттық ерекшелігін қарастыратын елтаным, психология, бихевиоризм, мәдениеттану бағытындағы басқа да ғылыми зерттеулерде теориялық материал ретінде пайдалануға болады.
Зерттеуде негізгі нәтижелерге қол жеткізу үшін теориялық ақпараттар сипаттама және синтез әдісі арқылы сараланды. «Абай жолы» роман-эпопеясынан жинақталған тілдік бірліктерді талдауда бихевиористік әдіс, семантикалық әдіс және когнитивтік талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижесінде бірнеше нақты тұжырымдар жасалды:
- қазақ қатысым мәдениетінде амандасу барысында сағыну, қоштасу, қимастық, алауыздық, мейірім семантикалары бейвербалды кодтар арқылы беріледі;
- отбасы коммуникациясында амандасу иерархиясы тілдік емес құралдар арқылы көрініс табады: ер бала ең бірінші әкесіне, содан кейін отбасының басқа мүшелеріне сәлем береді. Баланың әкесімен сәлемдесу кезінде коммуникативтік мінез-құлқы өзгереді және кідіріс, төмен тон секілді просодикалық амалдар белсенді қолданылады;
- параамалдар негізгі ақпаратпен қоса коммуниканттардың бір-біріне деген көзқарасын, көңіл күйін, прагматикасын айқын көрсететін және коммуникативтік жағдаят ерекшелігін танытатын негізгі маркерлерге жатады.