ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕРДІ ҰЛТТЫҚ КОРПУСТА ЛЕКСИКОГРАФИЯЛАУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.4.79.004Кілт сөздер:
Қазақ тілінің ұлттық корпусы, этномәдени бірліктер, антропоөзектік парадигма, автоматтандыру, сөздік, мәдени-семантикалық мағына, лекикография, мәдени-семантикалық ішкорпусАннотация
Мақала этномәдени бірліктерді қазақ тілінің ұлттық корпусына сай лексикографиялау мәселесіне арналған. Қазақ халқының тұрмыс кешкен ортасына, қоршаған табиғатына сай қалыптасып, тілде сақталған өзіндік тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері мен өмір-тіршілігіне, тұрмыс-салты мен дәстүрлеріне байланысты дүниетанымдық, рухани-материалдық, этномәдени құндылықтарын зерттеу заманауи антропоөзектік парадигма аясында өзектеледі. Сондай-ақ осы парадигма аясында ана тілінің қолданыстық функцияларының мәнін ашу көзделеді. Зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі этномәдени бірліктерді жүйелеп, олардың ұлттық корпуста көрініс табуын ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан негіздеу. Зерттеу әдістері – сипаттамалық, салыстырмалы-тарихи, құрылымдық-семантикалық, корпус-лингвистикалық әдістер қолданылды. Зерттеудің басты бағыттары және проблемасы – ұлттық тілдік корпустың құрылымында этномәдени бірліктерді жүйелеу, олардың семантикалық ерекшеліктерін анықтау және осы бірліктерді цифрлық форматта сақтау мен пайдалану жолдарын қарастыру.
Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы – этномәдени бірліктердің қазақ тілінің ұлттық корпусында жинақталып, олардың мағыналық құрылымын ашу арқылы тілдік білім қорының кеңеюі. Осыған орай жинақталған этномәдени, рухани сипаттағы кебеже, қазан, торсық сияқты мәдени бұйымдардың ұлттық сипаты мен менталды ерекшеліктерін, мәдениеті мен руханиятын этномәдени бірліктер арқылы тани аламыз. Зерттеудің нәтижелері мен қорытындысында этномәдени бірліктер жинақталып, олардың мәдени-семантикалық мағыналары ашылады, сондай-ақ корпустық базаға енгізуге дайындалды. Сонымен қатар, этномәдени бірліктер этномәдени ішкорпустың теориялық мәселелері ретінде толықтырылды. Зерттеу нәтижелерінің теориялық және практикалық маңызы – алынған нәтижелер қазақ тілінің ұлттық корпусы негізінде қазақ тіл біліміндегі этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық зерттеулерді толықтыруға және тілдік бірліктердің танымдық әлеуетін арттыруға бағытталады. Бұл мәселе тіл арқылы ұлт мәдениетін (болмысын) қазіргі жаңа парадигмаға сай лингвистиканың кешенді танымдық ақпарат көзі, озық технологиясы ретінде қазақ тілінің ұлттық корпусын дамытуға өзінің үлесін қосуымен де маңызды.





