ҚАЗАҚ, ОРЫС, АҒЫЛШЫН, ФРАНЦУЗ ЖӘНЕ АРАБ ТІЛДЕРІНІҢ ӘЗІЛ-ОСПАҚ ДИСКУРСЫНДАҒЫ ЭТНИКАЛЫҚ СТЕРЕОТИПТЕРДІ ҚАБЫЛДАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЭКСПЕРИМЕНТТІК ТАЛДАУ

Автор(лар)

  • Исакова С.С. K.Zhubanov Aktobe Regional University
  • Tukhtarova А.S.
  • Tukhtarova А.S.
  • Култанбаева Н.К.
  • Танатова Р.К.

##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:

https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.3.78.009

Кілт сөздер:

анекдот, әзіл, этникалық әзіл, әзіл-оспақ дискурсы, этникалық стереотип, этникалық топ, әлеуметтік бағдар, мәдени интеграция

Аннотация

Мақалада қазақ, орыс, ағылшын, француз және араб тілдерінің әзіл-оспақ дискурсындағы этникалық стереотиптерді қабылдау ерекшеліктерін талдауға арналған кешенді эксперименттік зерттеудің нәтижелері берілген. Зерттеудің мақсаты этникалық әзіл-оспақты қабылдаудағы ортақ және мәдени, қайталанбас ерекшеліктерді, сондай-ақ, әртүрлі халық өкілдерінің ұлттық мінез-құлқын бейнелейтін этникалық анекдоттар мен әзілдерді түсіндіру үдерісіндегі стереотиптік көзқарастарға әсер ету механизмдерін анықтау болып саналады.

Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы аумағында және одан тысқары жерде өмір сүретін әртүрлі этникалық топ өкілдері қатысқан ассоциативтік эксперимент жүргізілді, олар мәдениетаралық қарым-қатынаста этникалық әзілдердің орындылық деңгейін және өздерінің этникалық стереотип ықпалына бейімділік деңгейлерін бағалады. Сонымен бірге, мәліметтерді статистикалық өңдеу әдісін қолдану экспериментке қатысушылар туралы нақты және шынайы ақпараттар алуға мүмкіндік берді. Авторлар сипаттама және салыстырмалы талдау әдістерінің көмегімен әртүрлі лингвомәдениеттегі әзіл-оспақ дискурсының қалыптасу және қызмет ету механизмдерін анықтауға қол жеткізді.

Зерттеу нәтижелері әртүрлі әзіл-оспақ мәтіндеріндегі этникалық стереотиптердің бір жағынан, әртүрлі мәдениет өкілдері арасында ұқсас реакцияларды туғызатынын көрсетсе, екінші жағынан, нақты бір мәдени қауымдастық өкілдері арасында қабылданатыны және түсіндірілетіні анықталды. Зерттеу барысы қазақ әзілдеріндегі этникалық стереотиптер халықтың көпғасырлық құндылығы мен дәстүрін бейнелейтінін көрсетсе, Ресейдің құрамындағы немесе бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған түрлі халықтарда этникалық стереотиптер кемсітушіліктің таралуына ықпал етуі мүмкін екенін анықтады. Ағылшын әзілдеріндегі этникалық стереотиптер сөз ойыны мен өздеріне күлуден көрінеді.  Француз әзілінің стереотиптік әзілге төзімділігі жоғары, бұл елдегі кемсітушілікке қарсы заңдардың қабылдануымен байланысты болуы мүмкін. Араб-мұсылман мәдениетінде этникалық стереотиптерді қолдануға неғұрлым ұстамды тенденция байқалады, бұл діни көзқарастарға байланысты.

Зерттеудің практикалық құндылығы алынған нәтижелер мәдениетаралық қарым-қатынас, медиаиндустрия, дискурсология, лингвомәдениеттану, этнопсихолингвистика, тіл білімі салаларының мамандарына пайдалы болуымен анықталады. Демек, зерттеу нәтижелері әзіл призмасы арқылы этникалық стереотиптердің қалыптасу ерекшеліктерін және олардың мәдениетаралық өзара әрекеттесудегі рөлін түсінуге ықпал етеді, сонымен қатар мәдениетаралық диалогты құру және этномәдени қақтығыстардың алдын алу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Жүктеулер

Жарияланған

2025-10-01

Жоба

Раздел

Мақалалар/Статьи/Articles