ҚАЗІРГІ АЙТЫСТЫҢ КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫ (ӘСИЯ БЕРКЕНОВАНЫҢ АЙТЫСТАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.3.78.028Кілт сөздер:
айтыс, ақын, тапқырлық, көркемдік тәсіл, Әсия Беркенова, шеберлік, поэтикалық құрылым, ақындық мұраАннотация
Мақалада қазақ халқының байырғы өнерінің бірі, фольклорлық жанр – айтыс жайлы сөз етіледі. Айтыс – қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі, әдеби мұраның маңызды қабатын құрап қана қоймай, ұлттық салт-сананы, тіл мен тарихты сақтауға үлес қосатын өнер түрі. Осындай дәстүрлі өнердің көрнекті өкілдерінің бірі, суырыпсалма ақындығымен ерекшеленген тұлға – Әсия Әйіпқызы Беркенова. Әсия Беркенова – қазақ мәдениетінің қайта жаңғыруы мен ұлттық мұраның сақталуына елеулі үлес қосып келе жатқан айтулы ақындардың бірі. Мақалада сахна төрінде ақындық шеберлігін поэтикалық өрнекпен жеткізе білген дара ақын Әсия Беркенованың шығармашылық жолы мен айтыс өнеріне қосқан үлесі қарастырылады.
Зерттеудің негізгі мақсаты – айтыскер ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде талдай отырып, оның қазіргі қазақ айтысындағы өзіндік орнын айқындау. Зерттеу барысында ақынның айтыстағы даралығы, тілдік-стильдік ерекшелігі, сөз қолдану шеберлігі, сондай-ақ қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге көзқарасы сарапталып, айтыстарындағы көркемдік-эстетикалық мазмұн поэтикалық талдау аясында ашылады.
Зерттеудің ғылыми маңызы – айтыс өнерінің қазіргі кезеңдегі көркемдік қырларын тұлғалық шығармашылық арқылы саралап, айтыс поэзиясындағы ұлттық идея мен рухани мұра жалғастығын көрсетуінде. Ә.Беркенованың айтыс тарихындағы қазақ қыздарының сара жолын көркемдік тұрғыдан құнды айтыстарымен жалғастыра білгені, айтыс өнеріне қойылатын талаптар мен міндеттерді ұстанғаны, қазіргі айтыс тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны ғылыми тұрғыда айқындалады. Айтыскер ақынның тарихи-әлеуметтік, қоғамдық, саяси және әдеби мәселелерге қатысты өміршең тақырыптарды негізгі нысанға алуы, сонымен қатар кейінгі жастардың тәлім-тәрбиесіне, отбасы құндылықтарын қастерлеуге, жас ұрпақтың тарих пен әдебиетті сабақтастықта танып, ұлттық болмыстан ажырамауына үндейтін қастерлі ойлары талданады.
Зерттеудің практикалық маңызы – алынған нәтижелерді халық ауыз әдебиеті курстарында, айтыс өнерін талдау мен оқытуда, сондай-ақ әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларын толықтыруда қолдануға болады.
Бүгінгі қазақ айтысы синкретті өнер ретінде тақырыптық, жанрлық өзгерістерге ұшырап, заман ағымымен қатар дамуда. Сондықтан қазіргі заманғы үрдістер мен қажеттіліктерге бейімделген айтыстарды талдау мақаланың өзектілігін танытады. Бұл мақала халқымыздың мәдениеті мен әдебиетін зерттеуге айтулы үлес қосып, рухани мұрамыз айтыс өнерінің рөлі туралы түсінігімізді кеңейтеді.