ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «АВТОРЛЫҚ КОЛЛИЗИЯ» ҰҒЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.4.79.041Кілт сөздер:
авторлық коллизия, көркем қақтығыс, драмалық тартыс, кейіпкер, прозалық құрылым, эстетикалық категория, нарративтік стратегия, әдеби салыстырмалы талдау, әдеби ағымдарАннотация
Бұл мақалада «авторлық коллизия» ұғымының қазақ және шетел әдебиеттануындағы теориялық негіздері мен көркем шығармалардағы көрініс формалары жан-жақты талданады. Автор көркем әдебиеттегі коллизияның тарихи-саяси контекстпен байланысын, кейіпкер табиғатындағы ішкі және сыртқы қақтығыстардың типтерін, сондай-ақ авторлық сана мен көркем мәтін арасындағы поэтикалық қатынастар жүйесін саралайды. Мақалада Гегельдің диалектикалық эстетикасынан бастап, Бахтиннің диалогтық теориясы мен Харольд Блумның «әсер ету» концепциясына дейінгі шетел әдебиеттануындағы тұжырымдар қазақ ғалымдарының (А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Р. Бердібаев, Б. Құралқанова) еңбектерімен салыстырыла қарастырылады. Зерттеуде Ю.А. Озеров ұсынған көркемдік коллизияның типологиясы, К.Г. Шаззоның жанрлық жіктеуі, В.Е. Хализевтің поэтикалық құрылымға қатысты көзқарастары негізінде әдеби шығармадағы коллизияның композициялық және идеялық-мазмұндық қызметі айқындалады. Авторлық коллизия көркемдік бейне мен сюжет түзілімінде шешуші рөл атқара отырып, әдеби туындының көркемдік тұтастығын қамтамасыз ететін эстетикалық механизм ретінде қарастырылады. Мақаланың ғылыми маңыздылығы – авторлық коллизия ұғымының әдеби теориядағы орны мен табиғатын жүйелі түрде ашып, отандық әдебиеттануға жаңа көзқарас ұсынуында. Бұл зерттеу автор–мәтін–кейіпкер арасындағы күрделі қатынасты поэтикалық деңгейде пайымдауға мүмкіндік береді. Зерттеу әдіснамасы – салыстырмалы-типологиялық, мазмұндық-семантикалық, интерпретациялық және классификаторлық әдістерге сүйене отырып, қазақ және шетел әдебиетіндегі көркемдік қақтығыстардың типтері сарапқа алынды. Зерттеу қорытындысы – авторлық коллизия көркем мәтін құрылымында орталық тұғырда тұратыны дәлелденді. Оның көркемдік, идеялық және психологиялық мазмұнды өзара байланыстыра отырып, әдеби шығарманың эстетикалық тұтастығын қамтамасыз ететіні анықталды. Мақаланың негізгі мақсаты – ұғымдық-теориялық аппаратты нақтылап, отандық әдебиетке тән авторлық сана мен қақтығыс табиғатының терең сипаттамасын ұсыну, сонымен қатар әдебиеттану тұрғысынан «авторлық коллизия», «қақтығыс» терминдеріне түсінік бере отырып, басты негізгі ерекшеліктерін айқындау, сол арқылы қазақ әдебиеттану тұрғысынан бағамдау. Осы ретте жанрлық, құрылымдық астарларын қарастыруды басты міндет ретінде ала отырып, зерттеу сұрақтарын практикалық негізде ұштастырдық. Зерттеу қорытындысының практикалық маңыздылығы – зерттеу нәтижелері әдебиет теориясы, поэтика, салыстырмалы әдебиеттану салаларында, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы көркем мәтін талдау курстарында пайдалануға жарамды. Сонымен қатар, көркем шығарма құрылымын когнитивтік және эстетикалық тұрғыдан талдауға бағытталған әдістемелік құрал ретінде де тиімді қолдануға болады.





