ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ФОЛЬКЛОРИЗМ: ҰҒЫМ, ТАРИХНАМА ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ИГЕРУ МОДЕЛЬДЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2026.3.82.039Кілт сөздер:
фольклоризм, фольклорлық дәстүр, мәдени жад, архетип, символдық модель, нарратив, халықтық поэтика, қазіргі қазақ прозасыАннотация
Бұл мақалада қазіргі қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүрдің көркем мәтінде игерілу ерекшеліктері фольклоризм ұғымы аясында кешенді түрде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби үдерісте фольклордың көркемдік қызметін айқындап, оны авторлық поэтикамен сабақтастыра талдау арқылы фольклорды шығармашылықпен игерудің негізгі модельдерін анықтау. Мақалада фольклоризм құбылысы тарихи-теориялық тұрғыдан зерделеніп, батыс, орыс және қазақ әдебиеттануындағы ғылыми тұжырымдар жүйеленеді.
Зерттеу барысында мәдени жад теориясы, архетиптік интерпретация және нарратологиялық талдау тәсілдеріне сүйенген кешенді әдіснама қолданылды. Осы әдіснамалық ұстанымдар негізінде көркем мәтіндегі фольклорлық мотивтер мен бейнелердің символдық қызметі, сондай-ақ халықтық баяндау поэтикасының авторлық нарратив жүйесіне бейімделу тетіктері сараланды.
Талдау нәтижесінде қазіргі қазақ прозасында фольклоризмнің екі негізгі көркемдік игеру моделі айқындалды. Біріншісі – архетиптік-символдық модель, онда фольклорлық дүниетаным мен мифологиялық кодтар көркем мәтіннің философиялық және бейнелік құрылымын қалыптастыратын ішкі өзекке айналады. Екіншісі – нарративтік-стильдік модель, мұнда фольклорлық дәстүр халықтық әңгімелеу интонациясы, тілдік-стильдік өрнек және тұрмыстық ситуациялар арқылы көркемдік сипат алады.
Зерттеу қорытындылары фольклоризмнің этнографиялық немесе дайын көркем материал ретінде ғана қолданылмай, қазіргі әдеби үдерісте ұлттық дүниетаным мен мәдени жадты бейнелеудің маңызды көркемдік тетігіне айналғанын дәлелдейді. Мақаланың ғылыми жаңалығы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі фольклоризмді көпмодельді көркемдік құбылыс ретінде негіздеп, оның архетиптік-символдық және нарративтік-стильдік жүзеге асу жолдарын айқындауында. Алынған нәтижелер әдебиеттану курстарында, фольклор мен көркем әдебиет байланысын зерттеуде және қазіргі қазақ прозасының поэтикасын талдауда пайдалануға мүмкіндік береді.





