ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ЭПИКАЛЫҚ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2023.70.3.031Кілт сөздер:
фольклор, архетип, фольклорлық кірігу, эпикалық драматургия, дәстүр, драмалық тартыс, эпос, қазақ драматургиясыАннотация
Бұл мақалада екі көркемдік жүйе (фольклор мен әдебиет) байланысының тарихнамасы теориялық аспектіде жүйеленіп, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов драматургиясының көркемдік әлемінде фольклор тақырыбының алатын орны, бастау негіздері талданды. Фольклор үлгілерінің трансформациялану болмысы әдебиеттану ғылымы заңдылықтары аясында қарастырылды. Фольклор мен жазба әдебиеттің, фольклор мен жеке ақын-жазушылардың шығармашылық дәстүрі мәселесінің негізінде жазушы Ғабит Мүсірепов шығармаларының фольклорлық негізі, жазушы шеберлігінің бастауын анықтау мақсаты көзделді. Алдымен көркемдік даму процесіндегі фольклор мен әдебиет байланысының маңызына арналған теоретик-ғалымдардың ғылыми жетістіктері мен тәжірибесіне сүйене отырып, қозғаған мәселеміздің теориялық принциптерінің негізгі маңызды шарттары анықталды.
Қазақ драматургиясындағы эпикалық дәстүрдің М. Әуезов шығармашылығынан бастау алғаны және оны әрі қарай жалғастырған Ғ. Мүсірепов шеберлігі, осы жанрдың оның классик ретінде қалыптасуындағы бірден-бір бастау, алғышарт болғаны дәлелденеді. Жазушының фольклорлық эпосты жазба әдебиеттің күрделі жанры драматургияға айналдыруда жанр заңдылығын сақтай отырып, сан ғасырлар бойы қазақ ұғымында бекіген образдар мен сол шығармалардың идеялық қазығына мүлдем өзгеше рең беріп, жазба әдебиеттің өшпес мұрасына айналдырудағы шеберлік сыры анықталады. Суреткердің драматургиядағы алғашқы тәжірибесінің классикалық лиро-эпостық жырларды жазба әдебиеттің туындысына айналдырудан басталуы ол үшін шеберлік мектебі болғандығы зерттеледі. Драматург классикалық эпосты классикалық драмаға айналдыруда драмаға қажет болатын барлық тәсілдерді шебер пайдаланады. Драматургтің қоғамның тұрмыс-тіршілік деректерін сахнаға толықтай, не бөлшектеп тура көшіріп қана қоймай, ұлттың мәдени құбылысының парадигмасын жаңғыртудағы шеберлігінің сыры айқындалады.Осының барлығы мақаланың ғылыми маңыздылығын айқындайды.
Тақырыпты зерттеу барысында жинақтау, жүйелеу, талдау, салыстыру әдістері қолданылды. Мақала қорытындысын зерттеу жұмыстарын жүргізуде, әдебиет пен фольклортанудан элективті курстар жүргізуде пайдалануға болады.