Қ.ЖҰБАНОВТЫҢ СТИЛЬДІК ТАНЫМЫ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.4.79.017Кілт сөздер:
стильдік таным, лингвостилистика, терминология, публицистикалық стиль, этимология, синкретикалық өнер, халық музыкасы, фразеологияАннотация
Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Қ.Қ.Жұбанов - тіл білімінің әр алуан саласында өзіндік із қалдырған ғұлама. Өз кезінде, ғалым мұрасын зерттеушілердің пайымынша,, ол тіл білімінің барлық саласымен де шұғылданған. Қазақ тіл білімінің ол араласпаған, я қатыспаған бірде-бір қалтарысы қалмаған. Себебі оның ғылыми мұрасынан қолды болмай аман сақталып, бізге дейін келіп жеткен еңбектерінің өзін барласақ, олар қазақ тілінің фонетикасын да, грамматикасын да, қазақ тілінің тарихын да, қазақ жазуы, оның емлесі, терминологиясы, стилистикасы, оқулығы мен методикасы, программасы – бәрі-бәрін де қамтиды. Мақаланың мақсаты ғалымның ғылыми пайымдауларын қалың бұқараға қандай шеберлікпен жеткізе білгендігін, яғни стильдік танымын бағамдау болып табылады. Ғалымның ірі публицистикалық еңбектерінің ішінде «Абай – қазақ әдебиетінің классигі», «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі», «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жөнінен», т.б. осы кезге жетті. Мақаланың ғылыми жаңалығы - аталған зерттеулердегі сөйлем деңгейіндегі айырым қолданыстарды, жалпыхалықтық бейнелі тіркестерді саралай отырып, ғалымның төлтума сөз өрнектерін мысалдар келтіре талдауы. Ғалымның терминдік мәні бар сөздерді мақалаға тұтас енгізе салмай, оны қазақ халқының ұғымына жақындатып, өрелі де өрнекті стильмен бере білетіндігін аңғардық. Төңкеріс және қазақтың ұлт тіліне арналған ғылыми мақаласында ғалым-публицист қазақ тілінің тұтастығын, біркелкілігін сөз етіп, тіліміздің бұл қасиеті қазақ халқының ішкі-сыртқы жағдайларымен байланысты ертерек, яғни XIV-XVIII ғасыр аралығында қалыптасқанын айтады. Бұдан біз ғалымның тек лингвист-тілші ғана емес, кең тынысты филолог-шығыстанушы болғанын бағамдаймыз. Аталған мақаладағы нақты мысалдарды ала отырып, ғалымның сөз саптау үлгісі де сараланды. Зерттеу әдіснамасы ретінде алға қойған мақсат-міндеттерді шешу үшін жинақтау, салыстыру, семантикалық талдау, жүйелеу әдіс-тәсілдері қолданылды.
Мақаланың құндылығы - мазмұны мен негізгі тұжырымдарының лингвостилистика бағытындағы зерттеулерге тірек материал болатындығы. Мақаланы жоғары оқу орындарында Стилистика, Лингвомәдениеттану пәндерінде пайдалануға болады.





