УАҚЫТТЫҢ МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕРІ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/PHILS.2025.3.78.012Кілт сөздер:
уақыт, концепт, метафоралық концептуализация, когнитивтік лингвистика, мәдениетаралық коммуникация, ұлттық дүниетаным, тілдік сана, салыстырмалы талдауАннотация
Уақыт – адамзат танымындағы ең күрделі әрі маңызды ұғымдардың бірі. Оның тілдік бейнеленуі тек когнитивтік емес, сонымен қатар мәдени ерекшеліктерді танытудың маңызды құралы болып табылады. Осы мақалада уақыт ұғымының қазақ және ағылшын тілдеріндегі уақыт концептуализациясы мәдениетаралық лингвокогнитивтік тұрғыдан салыстырмалы түрде қарастырылады.
Зерттеудің басты мақсаты – екі түрлі тілдік-мәдени жүйеде уақыт ұғымының концептуалдық құрылымы мен семантикалық ерекшеліктерін салыстыра отырып, олардың мәдени-танымдық парадигмаларын, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау. Бұл мақсатқа жету үшін қазақ және ағылшын тілдеріндегі тілдік деректер іріктеліп алынып, лингвокогнитивтік және мәдениетаралық талдау әдістері қолданылды.
Мәтіндік материалдар негізінде алынған метафоралық үлгілер жүйелі түрде сарапталып, олардың когнитивтік және мәдени мәні талданды. Қазақ тіліндегі метафоралар уақыт пен кеңістік ұғымдарының өзара тығыз байланысын бейнелей отырып, табиғат құбылыстары мен дәстүрлі тұрмыс салтына негізделген бейнелерді ұсынады. Мысалы, уақыттың айналымдылығы, маусымдық сипаттары және табиғатпен үндестігі жиі байқалады. Ал ағылшын тіліндегі метафоралар көбінесе уақытты сызықтық құрылымда, сандық және механикалық модельде бейнелейді. Бұл тілде уақыт жиі «ақша», «ресурс» немесе «жол» ретінде сипатталады, бұл оның утилитарлық және экономикалық тұрғыдан бағаланатынын көрсетеді. Аталған айырмашылықтар екі тілдің мәдени-танымдық ерекшеліктері мен когнитивтік парадигмаларын айқын бейнелейді. Бұл зерттеу екі мәдениет арасындағы уақытты қабылдаудың ерекшеліктерін тереңірек түсінуге жол ашып, тілдік және мәдениаралық құзыреттілікті арттыруға ықпал етеді.
Мақалада ұсынылған тұжырымдар мәдениетаралық білім беру бағдарламаларында, әсіресе шет тілін оқыту процесінде пайдалы болуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері аударматану, мәдениетаралық коммуникация және когнитивтік лингвистика салаларында қолдануға әлеуетті.